Қазақстанда соңғы уақытта жауапкершіліктен жалтару үшін өзін әдейі банкрот деп жариялайтындар күрт көбейді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады «Тілші».
«Оңалту және банкроттық туралы» заңға сәйкес, егер құрылтайшы қарызды қайтармау мақсатында мүлкін жасырса немесе активтерді сыртқа шығарса, бұл қасақана банкроттық болып саналады.
Басшылар жеке мүлкімен жауап береді
Ең маңызды жаңалық сол – енді банкроттық рәсімі кәсіпкерлерді жауапкершіліктен құтқармайды. Егер сот банкроттықтың қасақана жасалғанын анықтаса, компания басшысы немесе құрылтайшысы «субсидиарлық жауапкершілікке» тартылады. Яғни, компанияның қарызын ол өз жеке қаражаты есебінен өтеуге міндеттеледі. Тіпті банкроттық процесі толық аяқталып қойса да, кінәлі адам жазадан құтыла алмайды. Әкімшілік немесе қылмыстық тергеу нәтижесінде оның кінәсі дәлелденсе, қарыз оның мойнына ілінеді.
45 миллион теңге өндірілді
Статистика алаңдатарлық. 2024-2025 жылдары борышкерлердің іс-әрекетін талдау нәтижесінде 120 әкімшілік іс қозғалып, қасақана банкроттық белгілері бойынша 44 қылмыстық іс ашылған. Нақты мысал ретінде Жамбыл облысындағы оқиғаны айтуға болады.
«Компанияның бұрынғы директоры 2024 жылы қасақана банкроттық жасағаны үшін сотталды. Ал 2025 жылы сот одан кредиторлардың пайдасына 45 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп алды. Ол компания банкрот болмас бұрын шоттағы ақшаны жымқырған. Биылдың өзінде осындай 12 сот шешімі шығып үлгерді», — делінген ресми хабарламада.

