Ақтөбе облысының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Енді буын және аутоиммундық аурулары бар науқастар ем іздеп өзге өңірлерге бармайтын болды. Облыстық көпбейінді аурухана базасында арнайы ревматологиялық бөлімше өз жұмысын бастады, деп хабарлайды «Тілші» ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа құрылым өңірдегі мамандандырылған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында ашылып отыр.
«Бейіндік бөлімшенің ашылуы ревматологиялық аурулардың ерте диагностикасын жақсартуға, емдеуді уақытылы бастауға, асқыну қаупін азайтуға және пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасайды», — делінген ресми хабарламада.
Бұл бастама Денсаулық сақтау министрлігінің ауқымды оңтайландыру жоспары аясында жүзеге асты. Ведомство қазіргі таңда республика бойынша толық пайдаланылмайтын тәулік бойғы стационарлардағы шамамен 14 мың төсекті кезең-кезеңімен қысқартып немесе бағытын өзгертіп жатыр. Шенеуніктер бос тұрған орындарды халықтың нақты сұранысы мен сырқаттанушылық құрылымына қарай, ең қажетті және клиникалық маңызды бағыттарға қайта бейіндейді.
Министрлік облыстық ауруханаларды өңіраралық медициналық хаб ретінде жаңғыртуды көздеп отыр. Осы мақсатта жалпы саны 2 700 төсекті қайта бейіндеу жоспарланған. Ақтөбедегі жаңа бөлімше – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

