Ақтөбе облысының делегациясы Қытайдан олжалы оралды. Шанхай қаласына жұмыс сапарымен барған шенеуніктер өңірге қомақты инвестиция тарту бойынша нақты келісімге келді. Ең басты жаңалық – облыста ірі ферроқорытпа зауыты бой көтермек, деп хабарлайды Isker Tilshi Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов бастаған топ көрші елде бірқатар іскерлік кездесулер өткізіп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін таныстырды.
Сапардың ең маңызды нәтижесі «Suzhou Hunan New Materials» компаниясымен жүргізілген келіссөздер болды.
«Suzhou Hunan New Materials компаниясымен жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында құны 150 млн АҚШ долларынан асатын ферроқорытпа зауытын салу жөніндегі ниеттер туралы рамалық келісімге қол қойылды», — делінген ресми хабарламада.
Делегация мүшелері тек бір компаниямен шектелмеді. Олар «Sumec» тобымен, индустриялық парктерді дамытушы «Liando» және халықаралық «urbanDATA» жобалау-консалтингтік компаниясымен маңызды келіссөздер жүргізді. Қытайлық кәсіпкерлер Ақтөбеде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және заманауи қала құрылысы шешімдерін енгізуге қызығушылық танытты.
Сапар барысында «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өкілдері қытайлық әріптестеріне өңірдің мүмкіндіктерін паш етті. Олар инвесторларға жобаларды сүйемелдеудің «бір терезе» қағидаты қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Негізгі назар металлургия және машина жасау салаларына аударылды. Бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, Ақтөбе облысының халықаралық аренадағы инвестициялық тартымдылығын арттыра түсті.

