Home Aqtobe Day «Ол енді жас емес»: Нанидің «Ақтөбеге» келуі маркетингтік жеңіс пе, әлде ақша шашу ма?
Aqtobe Day Спорт

«Ол енді жас емес»: Нанидің «Ақтөбеге» келуі маркетингтік жеңіс пе, әлде ақша шашу ма?

Фото: fcaktobe_official

Қазақстандық футбол нарығы дүр сілкінді. «Ақтөбе» футбол клубы әлемдік деңгейдегі жұлдыз, португалиялық Луиш Нанимен келісімшартқа отырды. Чемпиондар лигасының жеңімпазы енді Қобыланды батыр атындағы стадионында доп тебеді. Алайда, футбол қауымдастығы мен сарапшылар бұл трансферді екіұдай қабылдады: бірі мұны тарихи оқиға десе, екіншілері бюджет қаржысын желге ұшыру деп бағалауда, деп хабарлайды «Тілші».

Луиш Нани – 2016 жылғы Еуропа чемпионы, әйгілі «Манчестер Юнайтед» сапында төрт рет Англия чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын бағындырған тұлға.

Нани: «Жаңа биіктерге көтеремін»

Португалиялық жұлдыз Қазақстанға келуін жай ғана карьераның соңы емес, жаңа мүмкіндік деп санайды. Ол клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында өз мақсатын ашық айтты.

«Ақтөбе» ФК қатарына қосылғаныма өте қуаныштымын. Клубтың және Қазақстандағы футболдың дамуына үлес қосуды асыға күтемін. Клуб басшылығына және қалаға қонақжайлылығы мен қолдауы үшін алғыс айтамын. Бізді үйде де, шетелде де жаңа биіктерге көтеру үшін аянбай еңбек етемін», – деп мәлімдеді Луиш Нани.

Козачков: «Бұл – ақылға қонымсыз»

Дегенмен, танымал қазақстандық журналист Михаил Козачков бұл шешімді өткір сынға алды. Оның пікірінше, клубтарды қамқорлығына алған олигархтар ақшаны оңды-солды шашып жатыр.

«Қазақстандық футболда болып жатқан жағдайларды таңданыспен бақылап отырмын. Егер естімеген болсаңыздар, бірнеше футбол клубын олигархтар өз қанатының астына алды, енді олар синхронды түрде ақша шаша бастады. Еш ренжімеңіздер, бірақ сырт көзге мұның бәрі барынша ақылға қонымсыз көрінеді», – деп жазды журналист.

«Биологиялық себептермен қартайған»

Сарапшы Нанидің қазіргі бабына күмәнмен қарайды. Себебі футболшы қазір 39 жаста және соңғы бір жылда алаңға шықпаған.

«Ақтөбе» кеше өзінің алғашқы жұлдызды жаңа ойыншысын таныстырды – ол португалдық Нани. Ағылшын премьер-лигасының жанкүйерлері оның 11 жыл бұрын «Манчестер Юнайтедте» ойнағанын есіне түсірер, бірақ кейін ол қарапайым биологиялық себептермен құлдырап кетті. Қазір Нани 39 жаста, ол бір жылдан астам уақыт ойнаған жоқ. Ол карьерасын 2024 жылы өз отанындағы кішкентай «Эштрела» клубында аяқтаған еді. Соңғы маусымда ол 9 матчқа қатысып, бар болғаны бір ғана гол соқты», – деп атап өтті Михаил Козачков.

Бір футболшы әлде екі стадион?

Трансфердің экономикалық тиімділігі де үлкен сұрақ тудырады. Инсайдерлік деректерге сүйенген журналист Нанидің айлық жалақысы шамамен 70 мың еуроны (жылына 840 мың еуро) құрайтынын айтады. Михаил Козачков қарапайым математикалық есептеу жүргізді: бір жылдық жалақыға сапалы табиғи төсеніші бар екі үлкен футбол алаңын немесе сегіз жасанды алаң салуға болады. Яғни, карьерасын аяқтауға жақын қалған бір легионердің шығыны инфрақұрылымды дамытуға жететін қыруар қаржымен тең.

Тәуекел және нәтиже

Қазір «Ақтөбе» жанкүйерлері үлкен үміт пен күдік құшағында. Бір жағынан, команда сапында аты аңызға айналған ойыншының болуы – мәртебе. Екінші жағынан, егде тартқан футболшының физикалық жүктемені көтере алуы және оған кеткен шығынның ақталуы – үлкен тәуекел. Бұл трансфердің сәтті немесе сәтсіз болғанын алдағы маусым көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version