Home Aqtobe Day Ақтөбеде жастарды қолдаудың жаңа жол картасы бекітілді
Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде жастарды қолдаудың жаңа жол картасы бекітілді

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында жастар саясатын дамытудың 2026 жылға арналған нақты жоспары бекітілді. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында жастарды қолдауға бағытталған жаңа «Жол картасы» таныстырылды, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әзірленген құжат қалалық және аудандық әкімдіктерге, сондай-ақ басқармаларға нақты міндеттер жүктейді.

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, биыл жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі үлесін 37 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың құрамы жаңа буын өкілдерімен толығады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке 50 жас маман қабылданады. «Ақтөбе жастары», түрлі гранттар және «Дипломмен ауылға!» жобалары арқылы 20 мыңнан астам жас мемлекеттік қолдауға ие болады.

«Жол картасының» басты бағыты – жұмыспен қамту. Жыл соңына дейін 15 мыңнан астам жас тұрақты жұмыс табады. «Бастау бизнес» және онлайн-оқыту жобалары арқылы кәсіпкерлікке баулу жалғасады. Арнайы тағылымдамалар мен кәсіби оқыту арқылы жұмыссыз жастардың санын 1 000 адамға азайту көзделген.

Сонымен қатар, шығармашыл жастар үшін «IT Hackathon – 2026» және «Aqtobe Hub Youth Incubation Program» секілді заманауи жобалар іске қосылады.

Жаңа жоспардың орындалуын қадағалау үшін 2026 жылғы 20 қаңтардан бастап арнайы KPI жүйесі енгізілді. Бұл жүйе әкімдіктердің жұмысын нақты нәтижеге қарап бағалауға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысында өңір басшысы аудан әкімдеріне және жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берді. Асхат Шахаров жұмыстың сапасын қатаң бақылауға алуды талап етті.

«Жасыл ел» жобасы бойынша жұмыстардың басталу мерзімін қатаң бақылауды және ағымдағы жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерді ескере отырып, жастарды толық көлемде жұмыспен қамтуды тапсырамын. Сонымен қатар, жұмыссыз жастармен жұмысты күшейту маңызды. Барлық іс-шаралар нақты мониторингпен сүйемелденуі тиіс, бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Жастарды қоғамдық кеңестер мен мәслихаттар құрамына енгізуге ерекше назар аудару қажет. Әр аудан жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жастардың өкілдігін қамтамасыз етуі үшін аудан әкімдерімен жастардың практикалық қатысу тетіктерін нақты келісу керек», – деп тапсырды Асхат Шахаров.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version