Соңғы бес жылда облыста 500 мың түп көшет егілді. Оның тек 70 пайызы өсіп шықты. Енді әр аудан, ауыл маңында жасыл белдеу болуға тиіс, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеп.
Облыста 2021-2027 жылдар аралығында 35,05 мың гектар жерге 64,7 млн түп орман екпесін отырғызу жоспарланды. Соның ішінде былтыр 8 624 га алқапқа 15,3 млн түп екпе егілді. Биыл 3433 гектарға 6 миллион түптен астам екпе отырғызылады.
— Облыстың ауданы — 30 062 000 гектар. Оның ішінде орман алқабы қорының ауданы 254 мың гектарды құрайды. Оның тек 64 мың гектарында ғана ағаш өсіп тұр. Яғни 20%-дан астамы. Былтыр еккен 15,3 млн түп көшеттің шығымын биыл көктемде ғана анықтаймыз. Шықпаған жері тағы толықтырылады, — деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.
Сонымен бірге облыста 2021-2025 жылдары аралығында 500 мың түп ағаш отырғызылды. Оның ішінде 174 мың түп ағашты былтыр екті.
— Шығымдылылығы бес жылда 70 пайыз шамасында болып тұр. Бұл төмен деп санаймыз. Жұмыс жүйелі жүруі керек. Бірінші — суару жүйесі. Соның ішінде тамшылатып суару жүйесі шығымды арттырады, су үнемдейді. Аудан, ауыл әкімдеріне ұңғыма қазып, электр желісін жүргізу қажет емес. Резервуар арқылы тамшылатып суаруға болады. Елдімекен, аудан орталығы, қала аумағына жасыл белдеу құру тапсырмасы бар. Әр ауданда 10, қалада 15 га жер жасыл белдеу болады, — деді Исатай Еспағанбетов.
Оның айтуынша, ағаштың көп түрі баптаса шығымы жақсы болады. Қарағаш түрлі пішін жасауға өте ыңғайлы. Былтыр орман және табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен 493,2 млн теңге бөлінді. Оған 19 патрульдік көлік, 4 трактор тіркемесі, 2 қарда жүретін көлік, 3 мотоцикл сатып алынған. Енді лизингке өрт сөндіру көлігі мен трактор сатып алады.
