Aqtobe Day

Шұбарқұдықта ерекше балаларға арналған орталық ашылады

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының Темір ауданында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы есігін айқара ашады. Шұбарқұдық ауылындағы бұл жаңа нысан жылына 840 бүлдіршінге сапалы медициналық және әлеуметтік көмек көрсетеді, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Бұл ауылдық жерде ашылған алғашқы орталықтардың бірі. Енді аудан тұрғындары білікті көмек алу үшін облыс орталығына немесе басқа қалаларға баруға мәжбүр болмайды.

Орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Мекеменің ең басты артықшылығы – ата-аналарға таңдау мүмкіндігін береді. Балалар мұнда күндізгі стационар режимінде немесе толық госпитализация арқылы жатып емделе алады. Бұл әсіресе шалғай ауылдардан келетін отбасылар үшін таптырмас мүмкіндік, себебі оңалту процесін үзбей жалғастыруға жағдай жасалады. Мамандар өңірдегі сұранысқа қарай қабылданатын балалар санын алдағы уақытта арттыруды жоспарлап отыр.

«Ainala» орталығы заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда АВА-терапия кабинеттері, емдік гимнастика, механотерапия залдары және сенсорлық интеграцияға арналған арнайы кеңістіктер жұмыс істейді. Сондай-ақ балалар тұзды бөлме мен иммерсивті ваннаның шипасын көреді, еңбек және арт-терапия шеберханаларында шығармашылықпен айналысады. Емдеу шараларын невролог, психолог, логопед, дефектолог және емдік дене шынықтыру нұсқаушыларынан құралған кәсіби топ жіті бақылайды.

Игі жоба «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асты. «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры бастама көтеріп, «Baquatty Aimaq Qory» қоры және облыс әкімдігімен серіктестік орнатты. Бұл ынтымақтастық ауыл балаларының сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне жол ашты.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Төрт ай жалақысыз: Ақтөбеде мұғалімдер «қара тізімге» еніп, мектепке айыппұл салынды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *