Home Aqtobe Day Ақтөбеде ҰБТ-дан жоғары балл жинап беремін деп жалған уәде берген мұғалім сотталды
Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде ҰБТ-дан жоғары балл жинап беремін деп жалған уәде берген мұғалім сотталды

Фото: astana.sud.kz

Ақтөбеде Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап беремін деп ата-аналарды тақырға отырғызған мұғалімге сот үкімі шықты. Педагог алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, енді мектепте сабақ беру құқығынан айырылды, деп хабарлайды «Тілші» қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот талқылауы барысында қылмыстың егжей-тегжейі әшкереленді. Мұғалім жәбірленушілерге ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетуге көмектесуді ұсынған, бірақ қызметі арзан болмаған. Ол әрбір балл үшін 7 мың теңге сұраған. Мәселен, 80 балл жинау үшін ата-аналардың әрқайсысы оған 560 мың теңгеден санап берген. Алайда педагог бұл қаражатты уәде етілген іске емес, өзінің жеке қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Нәтижесінде, бірнеше адамға материалдық шығын келтірілді.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Судья оның шын жүректен өкінгенін және кәмелетке толмаған жас балаларының бар екенін жеңілдететін жағдай ретінде қабылдады. Дегенмен, жаза бәрібір тағайындалды.

«Сот үкімімен сотталушы Ж. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 3 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды», – делінген соттың ресми хабарламасында.

Алайда мемлекет тарапынан жарияланған рақымшылық заңы сотталушының жағдайын біршама жеңілдетті. Оның өтелмеген жаза мерзімі үштен бір бөлікке қысқартылды. Қорытындылай келе, мұғалімге 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы бекітілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version