Company

Жерасты өндірісін жаңғырту: шахтада алғашқы өздігінен жүретін техникалар іске қосылды

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында өндірісті жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды. Енді бірқатар өндірістік операцияларды заманауи техника атқарады. Кәсіпорынға жаңа буынның тау-кен көлік кешені жеткізіле бастады. Жалпы жоба аясында 51 техника көзделген, оның алғашқы 20-сы қазірдің өзіңде шахтаға жеткізілді. Жабдықтардың біразы Қазақстанда алғаш рет қолданылмақ. Аталған жобаға ERG компаниясы 28 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттап отыр.

Жаңа шахта техника кен өндірудегі дәстүрлі тәсілдерді өзгертуде. Ол жерасты жұмыстарын қауіпсіз әрі тиімді етуге, қол еңбегін біртіндеп алмастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қызметкерлер бақылау және басқару сияқты өзге функцияларға көбірек көңіл бөле алады. Әрбір техниканың нақты міндеті бар: бұрғылау, жару жұмыстары, қазбаларды бекіту, тау жынысын тасымалдау, сондай-ақ сервистік операциялар – персоналды жеткізу, монтаждау, жанармай құю, ірі кесектерді жеткізу және ұсату.

– «Болашақ» шахтасының іске қосылуы тау-кен металлургия саласындағы соңғы жылдардағы ең маңызды жобалардың бірі болды. Бұл жоба Қазақстанның ферроқорытпа өндірісіндегі көшбасшы ұстанымын сақтауға ғана емес, Хромтау қаласының одан әрі дамуына серпін беріп, ел экономикасына елеулі үлес қосады. Дегенмен шахта іске қосылғаннан кейін біз күрделі сын-қатерлерге тап болдық: кен сілемі аса күрделі тау-кен геологиялық жағдайларымен ерекшеленеді. Бұл мәселелерді шешу үшін ғылыми қауымдастықты іске жұмылдырып, тиісті жұмыстар жүргіздік. Бүгінде «Болашақ» шахтасы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Ендігі басты міндетіміз – кеншілердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету. Шахтада енгізілген техникалық шешімдер мен қауіпті аймақтарда адамның болуын барынша азайтатын заманауи техника әрбір маманның еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттырады», – деп атап өтті «Қазхром» компаниясының бас директоры Сергей Прокопьев.

– Шахта жерасты кен өндірудің заманауи әрі жоғары өнімді әдісіне көшіп жатыр. Бұл – кенді қабатаралық опыра қазу және қапталдық шығару тәсілі, – деді жоба менеджері Сергей Сергиенко. – Аталған озық технология өздігінен жүретін техниканы қолдануды талап етеді. Жабдықтар тау-кен өнеркәсібінде көпжылдық тәжірибесі бар Швеция мен Финляндияның жетекші әлемдік өндіруші компанияларынан жеткізілуде.

Жаңа техникалар қатарында толық автоматтандырылған өздігінен жүретін бұрғылау қондырғылары бар. Бұрғылау жұмыстарының цифрлық паспорттары wi-fi арқылы тікелей техникаға беріледі. Жүйе тау-кен қазбасында автоматты түрде дәл орналасып, оператордың қатысуынсыз бұрғылау жұмыстарын орындайды. Ал тау-кен инженері процесті жер бетіндегі жұмыс орнынан қашықтан басқарып, нақты өндірістік көрсеткіштерді алып, оларды жару жұмыстарының жобасын талдау және дайындау үшін пайдаланады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Жаңаөзен тұрғындарына арналған су тұщыту зауытының құрылысы басталды

Енді кенді тасымалдау шөмішті жүк тиеу-жеткізу машиналары мен қуатты автотүсіргіштер кешені арқылы жүзеге асырылады. Айта кету керек, барлық техника қауіпсіздік талаптарына сәйкес сертификатталған. Шаңға қарсы желдету жүйесімен және кондиционермен жабдықталған кабиналары бар. Жүк жеткізу машиналарының басым бөлігі электр жетегімен жұмыс істейді. Бұл кеніш ауасының ластануын, шу мен діріл деңгейін төмендетуге, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жару жұмыстарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында австралиялық өндірушімен арнайы зарядтау жабдығы бар жару машинасын жеткізуге келісімшарт жасалды. Қазбаларды бекіту технологиясын жетілдіру үшін торкрет-машиналар кешені сатып алынды. Тұйық қазбаларда қолданылатын техника рұқсат етілген концентрациядан асқан жағдайда, автоматты түрде бұғатталатын газталдағыштармен жабдықталған.

Жабдықтарды баптау және іске қосу жұмыстарын өндіруші компаниялардың мамандары жүргізуде. Қазіргі таңда бұрғылау қондырғысы мен жару машинасы жұмыс істеп тұр, екінші бұрғылау қондырғысын құрастыру жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта жерасты техникасына қызмет көрсету үшін арнайы жабдықтармен жарақталған жөндеу аймақтарын салу жоспарланып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *