Ақтөбедегі «Алақай» қуыршақ театрының сахнасы бұл жолы ерекше мейірім мен талантқа толды. «ANASTACIA» инклюзивті музыкалық студиясының тәрбиеленушілері көпшілікке «Қасқыр мен жеті лақ» мюзиклін ұсынды. Бұл шараға облыс әкімі Асхат Шахаров арнайы қатысып, жас өнерпаздардың талантына тәнті болды, деп хабарлайды «Тілші».
Премьераға аутизм, Даун синдромы, психикалық дамудың тежелуі және сөйлеу қабілеті бұзылған 32 бала қатысты. Олар өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерінің шексіз екенін дәлелдеді.
Жас әртістер сахнада жай ғана рөл сомдап қойған жоқ, олар музыкалық аспаптарда ойнап, би билеп, ән шырқады. Көрермендер театрлық сахналар арқылы балалардың шынайы эмоциясы мен дарынын көрді. Бұл – «ANASTACIA» студиясының педагогтары, ата-аналар және балалардың ұзақ уақыт бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Студияда мамандар балаларға вокал мен сахна тілін үйретіп, оларды тұрақты түрде өнерге баулып келеді.
Аймақ басшысы Асхат Шахаров қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, инклюзивті қоғам құрудың маңыздылығына тоқталды. Ол балалардың еңбегін жоғары бағалады.
«Бұл ертегіні әрқайсысымыз білеміз. Бүгін біз қайтадан балалық шақ әлеміне бойлап, осы ғажайып әсерлерді жас әртістермен бірге сезіндік. Сахнада педагогтер, тәлімгерлер мен балалардың өздерінің үлкен әрі тынымсыз еңбегі айқын көрінеді. Мұндай жобалар балалардың шығармашылық әлеуетін ашып, олардың дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына маңызды жаңалықты жеткізді.
«Біздің міндетіміз – әр баланың бойындағы өнерін қолдап, қабілеттерін сенімді жүзеге асыруына көмектесу. Алдағы уақытта дарынды балаларға арналған жеке инклюзивті орталық құру жоспарланып отыр, онда олар өз дағдылары мен таланттарын жетілдіре алады», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Бұл жоба ерекше балалардың командада жұмыс істеп, көрерменді қуанта алатынын көрсетті. Мюзикл қоғамның әрбір мүшесін инклюзияны қолдауға және балалардың қабілетін бағалауға шақырады.
