Ақтөбе қаласының тұрғыны акцияларға инвестиция саламын деп интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Бұл туралы полиция хабарлады.
Жәбірленуші Facebook әлеуметтік желісінде инвестициялау, акцияларды сатып алу және сату қызметтері ұсынылған жарнаманы көріп, сілтеме арқылы өткен. Кейін оған өзін компанияның аналитигі ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, жоғары табыс табуға уәде берген.
Алаяқтың сөзіне сенген азамат 10 күн ішінде бірнеше транзакция арқылы көрсетілген шотқа ақша аударған. Нәтижесінде ол 2 миллион 400 мың теңгеден астам қаржысынан айырылған.
Аталған дерек бойынша «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және кез келген компания туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
