«Қазақстан темір жолы» ұлттық тасымалдаушысы 60 жастан асқан азаматтарға пойыз билеттеріне 25 пайыздық жеңілдік енгізді. Жеңілдік еліміз бойынша барлық бағыттарға қатынайтын пойыздарға жарамды.
Аталған мүмкіндік QURMET дисконттық картасы арқылы жүзеге асырылады. Карта иелері купе, плацкарт және отыратын вагондарға орын санына шектеусіз билет сатып ала алады. Картаның құны — 3000 теңге, жарамдылық мерзімі — бір жыл.
Сонымен қатар, «Жолаушылар тасымалы» АҚ 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушылар үшін KETTIK33 дисконттық картасын іске қосты. Бұл карта барлық бағыттар бойынша купе вагондарындағы жоғарғы орындарға және отыратын вагондарға билет алу кезінде 33 пайыздық жеңілдік береді. Картаның құны — 3000 теңге, қолданылу мерзімі — бір жыл.
Дисконттық карталар атаулы болып табылады және үшінші тұлғаларға берілмейді. Картаны рәсімдеу тек теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында, жолаушының жеке өзі келген жағдайда ғана жүргізіледі. Ол үшін жеке куәлік, ұялы телефон нөмірі және (қалауы бойынша) электрондық пошта мекенжайы қажет.
Жеңілдіктерді кассаларда билет сатып алу кезінде, сондай-ақ bilet.railways.kz сайты арқылы онлайн рәсімдеуге болады. Алайда екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы алынған билеттерге жеңілдік қолданылмайды.
Айта кетейік, жеңілдіктер жыл сайын белгіленген кезеңдерде ғана қолданылады. Мерекелік және каникул уақыттарында дисконттық карталардың күші уақытша тоқтатылады. Атап айтқанда, жеңілдіктер мына мерзімдерде қолданылмайды:
• 2026 жылғы 20–29 наурыз аралығы;
• 2026 жылғы 25–30 желтоқсан аралығы;
• маусым–тамыз айлары.
Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Instagram желісіндегі ресми парақшасынан — @jolaushylar_tasymaly алуға болады.
