Биыл Ақтөбе облысы су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың тізіміне енген жоқ. Күзде ылғалдың нормадан төмен болуы және қазіргі ауа райы жағдайы мамандарға осындай болжам жасауға мүмкіндік берді. Дегенмен, төтенше жағдайлар қызметі босаңсымай, көктемгі кезеңге тас-түйін дайын отыр, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеп.
Қазіргі таңда өңірдегі тоңның қалыңдығы 32-127 см аралығында, бұл қалыпты көрсеткіш саналады. Соған қарамастан, елді мекендерден 150 мың тоннадан астам қар шығарылып, 2 мыңнан астам адам мен 800 техника дайындық сапына қойылды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының басшысы Әлішер Сарбаевтың айтуынша, су тасқынының алдын алу үшін ауқымды инженерлік жұмыстар атқарылған.
«Жоспар аясында өзен жағалауларын нығайту, тазарту, тереңдету жұмыстары істелді. Қорғаныс бөгеттері көтеріліп, нығайтылды. Су бұру, кәріз суы арнасы салынды, арықтар тазартылды. Қазіргі уақытта елдімекендерден 150 мың тоннадан астам қар шығарылды. Алдағы уақытта өзендерде мұз жару жұмысы жоспарланған. Жарылыс жұмыстары Ойыл, Үлкен Қобда, Шолақ өзендерінде жүргізіледі. Сонымен бірге көктемге 2 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника дайын. 400-ден астам мотопомпа, 105 жүзу құралы бар. Екі әуе кемесі әзір», — деді Әлішер Сарбаев.
Сондай-ақ маман өңірдегі ірі су қоймаларының су қабылдауға дайын екенін жеткізді. Қазіргі уақытта қоймалардағы су қоры 32%-42% деңгейінде тұр.
Ақтөбе қаласында да қауіпсіздік шаралары қызу жүріп жатыр. Әсіресе су басу қаупі бар бау-бақша ұжымдарының маңындағы өзен арналары тазартылып, жағалаулар бекітілді. Ақтөбе қаласы Алматы ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Алмас Селубаев бөлінген қаржы мен атқарылған нақты істерге тоқталды.
«Ақтөбе қаласы Алматы ауданы бойынша су тасқынының алдын алу шарасына 500 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Қазіргі кезде тасқынға қарсы жұмыс аяқталып қалды. Шығыс тұрғын алабында ұзындығы 3 км жуықтайтын су бұру арнасы салынды. Қурайлы тұрғын алабында да дәл сондай жұмыс атқарылды. Өлке мен Авиатор-5 аумағында өткел салынды. Арықты қамыс, шөптен тазарттық, енді қарын алады. Барлығы 11 жерде қауіп болған. Бәрінде жұмыс атқарылды», — деп хабарлады Алмас Селубаев.
Қазіргі таңда Сүт зауыты мен Құрмыш аудандарының тұрғындары қар шығару мәселесі бойынша жиі шағымдануда. Жауапты тұлғалардың айтуынша, мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталған соң, бұл аумақтардан да қар шығару жұмыстары ұйымдастырылады.
