Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде алаяқтардың «курьері» ұсталды

Фото: informburo.kz

Ақтөбелік полицейлер ірі көлемдегі ұрланған қаражаттың шетелге заңсыз шығарылуына тосқауыл қойды. Киберполиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында интернет-алаяқтардың сыбайласы – 25 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді, деп хабарлайды «Тілші» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Күдікті қарапайым орындаушы ғана емес, қылмыстық тізбектің маңызды буыны болған. Ол алданған адамдардың ақшасын жинап, көрші мемлекетке алып қашпақ болған жерінен ұсталды.

Бұл жолы алаяқтар Instagram әлеуметтік желісінде еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірінің атауын пайдаланып, жалған жарнама таратқан. Олар тұрғындарға биржада акция сату арқылы оңай әрі мол табыс табуды ұсынған. Үш жәбірленуші осы қармаққа ілініп, қомақты қаржыларын алаяқтар көрсеткен есепшоттарға аударып жіберген.

Тергеушілер ұсталған жігіттің Ақтөбе аумағындағы басқа «дропперлерді» (ақша қабылдаушыларды) басқарғанын анықтады. Оның негізгі міндеті – алаяқтық жолмен түскен ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдырып, оны жинап, шекара асырып, шетелдегі «кураторларына» жеткізу болған. Алайда полицейлер оның бұл жоспарын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді.

Тәртіп сақшылары ұстау операциясы кезінде күдіктіден қолма-қол 20 миллион теңгені тәркіледі. Қазіргі уақытта 25 жастағы азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал оның қылмыстық іс-әрекетке пайдаланған автокөлігі коммуналдық айып тұрағына тоғытылды. Полиция департаменті тұрғындарды әлеуметтік желідегі «тез баюды» көздейтін күмәнді жарнамаларға сенбеуге шақырады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  «Миллиардтар бөлінгенімен, адвокаттар қашып жатыр»: Қазақстандағы тегін заң көмегінің жүйесі неге сыр берді?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *