2026 жылдың басы Qazaq Oil компаниясы үшін қарқынды даму кезеңіне айналды. Компания қаңтар айында Батыс Қазақстандағы Қарабатанда жаңа «Keruen Inn» қонақүйін ашса, ақпан айында Алматыда мерейтойлық 50-ші франчайзингтік жанармай құю станциясын іске қосты, деп хабарлайды «Тілші» forbes.kz сайтына сілтеп.
Бұл екі оқиға компанияның классикалық отын операторынан мультисервистік экожүйеге өту стратегиясын айқын көрсетеді. Қазіргі таңда Qazaq Oil ұлттық деңгейдегі инфрақұрылымды басқарады: оның еншісінде 380 жанармай бекеті, меншікті 13 мұнай базасы және 270 бензин тасушы көлік бар.
Серіктестер не дейді?
Бүгінде DODO (Dealer Owned — Dealer Operated) франшизасы бойынша ашылған станциялар ірі қалаларда да, шағын елді мекендерде де табысты жұмыс істеп тұр. Алматыдағы 50-ші станция кәсіпкер Шыңғыс Құсайыновтың желідегі алғашқы нысаны болды.
«Мені бірден брендтің ауқымы мен оның бүкіл ел бойынша қатысуы қызықтырды. Мен отын сапасын, жоғары деңгейдегі сервисті және тауарлар ассортиментін бағаладым — мұнда бәрі егжей-тегжейлі ойластырылған. Бірақ ең бастысы — бизнесті болжамды әрі тұрақты ететін клиенттердің сенімі. Біздің ЖҚС серіктестік желісіндегі 50-ші нысан болғаны символикалық мәнге ие. Менің ойымша, бұл тек бастамасы ғана: біз бір станциямен тоқтап қалмаймыз», — деді Шыңғыс Құсайынов.
Тәжірибелі франчайзи Ниетбек Ералиев те бірыңғай стандарттардың бизнесті кеңейтуге көмектесетінін алға тартты. Оның басқаруында қазір бірнеше станция бар.
«Біз Qazaq Oil компаниясымен бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқпыз және ынтымақтастыққа ризамыз деп сеніммен айта аламыз. Қазір бізде жұмыс істеп тұрған 8 ЖҚС бар және Алматы облысында тағы біреуі салынып жатыр. Үш нысан өз шығынын ақтап үлгерді, біз заправкалар санын 15-ке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Серіктестік сенім мен ашықтыққа құрылған: есеп айырысу адал, төлемдер уақытылы жүргізіледі. Бұл бүгінгі таңдағы ең тиімді бизнестердің бірі», — деп атап өтті кәсіпкер.
Мультисервистік модельге көшу
Компанияның бас директоры Төлеміс Шотановтың айтуынша, Qazaq Oil алты жыл бұрын жай ғана отын сатушы болудан бас тартып, жолаушыларға арналған толыққанды қызмет көрсету желісін құруды бастаған.
«Тек отын сату компанияны біз тікелей әсер ете алмайтын факторларға тәуелді етеді. Сондықтан біз ұлттық сервистік платформаны дамыту стратегиясын таңдап, бизнесті жолаушының қажеттіліктеріне қарай әртараптандырдық. Қазіргі әлемде адамдардың ымыраға келуге уақыты жоқ. Егер кофе болса — ол дәмді болуы керек. Егер тамақ болса — сапалы әрі жылдам болуы тиіс. Егер кеңістік болса — таза әрі ыңғайлы болуы шарт. Біз бұл стандартты жылдар бойы қалыптастырдық және бүгінде оны басқа желілердің де үлгі ала бастағанын көріп отырмыз», — деді Төлеміс Шотанов.
Жол бойындағы жайлылық
Экожүйенің маңызды бөлігі — «Keruen Inn» қонақүйлер желісі. Қарабатаннан бөлек, мұндай қонақүйлер Мерке, Арал және Семей қалаларында жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін компания тағы алты қонақүйді пайдалануға беруді көздеп отыр.
Франчайзингтік модель жергілікті экономикаға да оң әсерін тигізуде. Бір станция орташа есеппен 10–15 адамды жұмыспен қамтиды. DODO жобасы аясында барлығы 600-ден астам жұмыс орны ашылған. Ал салық түсіміне келсек, Qazaq Oil тек 2025 жылдың өзінде мемлекет қазынасына 14,3 миллиард теңге төледі. Компания келесі жылдың соңына дейін серіктестік станциялар санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отыр.
