Home Медиа «Сөз бостандығына тиіспеңіздер»: Қазақстан журналистері Президентке ашық хат жолдады
Медиа

«Сөз бостандығына тиіспеңіздер»: Қазақстан журналистері Президентке ашық хат жолдады

Фото: astanatimes.com

Қазақстандық журналистер қауымдастығы Ата заңға енгізілмек өзгерістерге байланысты алаңдаушылық білдіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелеріне үндеу тастады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Конституциядағы сөз бостандығына кепілдік беретін 20-баптың қолданыстағы нұсқасын сақтап қалуды талап етіп отыр, деп хабарлайды «Тілші».

Журналистердің пікірінше, жаңа жобадағы 23-бап сөз бостандығының аясын тарылтып, БАҚ өкілдеріне жасалатын қысымды күшейтуі мүмкін.

«Ата заң Кодекске айналмауы тиіс»

Ашық хат авторлары қазіргі 20-баптың өте нақты әрі жинақы жазылғанын, оның халықаралық стандарттарға толық сай келетінін алға тартады. Олар Конституцияның жалпы қағидаттарды белгілейтін құжат екенін еске салды.

«Қазақстан журналистер қауымдастығы атынан Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының қолданыстағы редакциясын сақтап, оны негізгі заң жобасында ұсынылған 23-баппен алмастырудан бас тартуды сұраймыз. Қолданыстағы норма заң тұрғысынан нақты, жинақы тұжырымдалған және Конституцияның бостандық, қағидаттар мен кепілдіктер туралы құжат ретінде табиғатына толық сай келеді. «Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі» деген формула артық тізбелеуді қамтымайды және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабына толық сәйкеседі. Дәл осы норма көптеген жыл бойы пікір білдіру еркіндігін қорғауда негізгі құқықтық тірегіміз болып келеді. Конституция жобасында ұсынылып отырған редакция, керісінше, Конституцияға шығармашылық түрлерін тізбелеу, зияткерлік меншікке сілтеме жасау, азаматтық және қылмыстық заңнаманың қолданыстағы нормаларын қайталау арқылы салалық реттеудің егжей-тегжейін енгізеді. Негізгі заң Кодекстер мен заңның қосалқы регламенттерінің жиынтығына айналмауға тиіс.», – делінген үндеуде.

Бұлыңғыр шектеулер және «ар-намыс» дауы

Журналистерді әсіресе жаңа жобадағы «қоғамдық имандылық», «қоғамдық тәртіп» сияқты нақты құқықтық анықтамасы жоқ ұғымдар алаңдатып отыр. Мұндай бұлдыр формулировкалар сот тәжірибесінде заңды еркін түсіндіруге және БАҚ-қа қысым жасауға жол ашады деп есептейді. Сонымен қатар, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау мәселесінің Конституцияда қайтадан шектеу ретінде енгізілуі де наразылық тудырды.

«Ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау туралы талап-арыздар БАҚ-қа қатысты онсыз да ең жиі кездесетін санатқа жататынын ескерсек, мұндай қайталау сот дауларының санын одан әрі арттырып, қоғамдық пікірталас аясын тарылтуы мүмкін. Сарапшылар мен медиа-заңгерлер орынды ескерту жасап отыр: ұсынылған өзгерістер жария лауазымды тұлғаларды сынауды шектеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Ал қазіргі конституциялық даму, керісінше, қоғамдық мүдде қағидатын және қоғамның маңызды ақпаратты білу құқығын бекітуді талап етеді. Біз мемлекеттік басқаруды жаңғырту сөз бостандығының іргелі кепілдіктерін әлсіретумен қатар жүрмеуге тиіс деп есептейміз. 20-бапты қолданыстағы редакциясында сақтау – құқықтық айқындықты қамтамасыз етудің, Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін сақтаудың және қоғамның конституциялық реформаға деген сенімін нығайтудың қажетті шарты», – деп түйіндеді хат авторлары.

Қазіргі уақытта бұл ашық хатқа қол жинау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың пікірінше, бұл мәселе еліміздегі сөз бостандығы мен демократиялық құндылықтардың болашағы үшін шешуші рөл атқармақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version