Home Медиа Қазақстан Журналистер одағының қатары рекордтық деңгейге жетті
Медиа

Қазақстан Журналистер одағының қатары рекордтық деңгейге жетті

Фото: freepik.com

Еліміздегі ең көне әрі ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі — Қазақстан Журналистер одағы тарихи межені бағындырды. Ұйым мүшелерінің саны 6 000 адамнан асты. Мерейтойлық мүшелік билет ежелгі Тараз қаласында салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды «Тілші».

1959 жылдың қараша айында негізі қаланған одақ бүгінде ХХІ ғасырдың талаптарына сай жұмысын жаңғыртып, жыл сайын қатарын 100-150 жас маманмен толықтырып келеді.

Одақтың 6 000-шы мүшесін тіркеу рәсімі Жамбыл облысында өтті. Бұл оқиға өңірлік журналистиканың әлеуетін тағы бір дәлелдегендей болды.

«№6000 куәлік Тараз қаласында берілді. Бұл мәртебелі билеттің иесі «Taraz 24» телеарнасы директорының орынбасары Әйгерім Отарбаева болды. Қазақстан Журналистер одағына қабылдау рәсімі Таразда өтіп, облыстық филиал төрағасы Жанабай Миллионов алты жас әріптесіне кәсіби қауымдастыққа мүшелік куәліктерін табыстап, құттықтады», — деп хабарлады Одақтың баспасөз қызметі.

Одақ тек қалам тербеумен шектелмейді. Қазіргі таңда ұйымның филиалдары 16 облыс пен 3 мегаполисте (Алматы, Шымкент, Астана) белсенді жұмыс істейді. Журналистер арасында футбол, волейбол, тіпті балық аулаудан турнирлер тұрақты өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, соңғы екі жылда (2024-2025 жж.) Астанада БАҚ-тың өзекті мәселелеріне арналған екі ірі халықаралық медиа форум ұйымдастырылды.

Бұл шаралар әсіресе журналистика факультеті жоқ өңірлер үшін өте маңызды, себебі жас мамандар тәжірибелі сарапшылардан тікелей кеңес алуға мүмкіндік алады.

Ұйымның тағы бір басым бағыты — ардагерлермен байланысты үзбеу. Жыл сайын «Қазақстанның құрметті журналисі» медалі отандық сөз өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Сонымен қатар, Одақ мектеп оқушылары мен студенттерді штаттан тыс тілші ретінде тартып, олардың шығармашылық дамуына жол ашып отыр. Жеңімпаздарға берілетін ақшалай сыйлықтар мен әріптестердің жоғары бағасы жас журналистер үшін үлкен ынталандыру құралына айналды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version