Жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел адам мен үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, тұрғындар газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбағандықтан, табиғи газдан уланып қалған, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Қазіргі таңда құзырлы органдар оқиғаның нақты себептері мен мән-жайларын анықтау үшін тергеу амалдарын бастап кетті.
Ақтөбе облысының әкімі бұл жағдайды дереу өз бақылауына алды. Өңір басшысының тапсырмасымен қайғылы оқиғаны жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия жұмысқа кірісті. Бұл топты Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Комиссия мүшелері уәкілетті органдармен тығыз іс-қимыл жасай отырып, тексеру жүргізеді. Тергеу қорытындысы шыққан соң, кінәлі тараптарға немесе жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданады.
«Ақтөбе облысының әкімдігі марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіліп, сондай-ақ қажетті материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады», — делінген ресми хабарламада.
