Ақтөбе облысында азаматтық қорғау саласы үшін маңызды оқиғалар легі өтті. Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов бірнеше ауданда жаңа өрт сөндіру бөлімдерін ашып, құтқарушыларды қуанышқа бөледі. Енді облыстың шалғай аудандары мен қала орталығындағы қауіпсіздік деңгейі едәуір артады, деп хабарлайды «Тілші» Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеп.
Министрдің сапары барысында Байғанин, Мәртөк және Хромтау аудандарындағы тозығы жеткен ескі ғимараттардың мәселесі түбегейлі шешілді.
Жарты ғасыр күткен жаңалық
Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында 1968 жылы салынған ескі ғимараттың орнына заманауи өрт сөндіру депосы бой көтерді. Бұл соңғы 58 жылда ашылған алғашқы жаңа нысан. Осыған ұқсас қуанышты жағдай Мәртөк ауылында да орын алды. Ондағы өрт сөндірушілер 1975 жылдан бері апатты жағдайдағы ғимаратта жұмыс істеп келген еді. Енді жаңа кешендерде гараж бокстары, диспетчерлік бөлмелер, оқу сыныптары және «Batyr team» спорт залдары қызметкерлердің игілігіне берілді. Бұл нысандар ондаған ауылдық округ пен мыңдаған тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Хромтаудағы қос қуаныш
Сапар барысында министр Хромтау қаласында күрделі жөндеуден өткен өрт сөндіру бөлімін ашты. 1977 жылы салынған ғимарат толықтай жаңғыртылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Мұнда әкімшілік корпус пен гараждар жаңартылып қана қоймай, қызметкерлерге арналған жатақхана да ретке келтірілді. Іс-шара барысында құтқарушыларға қызметтік пәтер кілттері табысталды. Бұл – 46 мыңнан астам халқы бар өндірісті қала үшін стратегиялық маңызды қадам.
Құтқарушыларға – 21 жаңа техника
Сондай-ақ Ақтөбе қаласында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің автопаркі толықты. Министр Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Асхат Шахаров құтқарушыларға арнайы техникалардың кілттерін салтанатты түрде табыстады. Қызметкерлер қолына жүріс қабілеті жоғары жедел-жеңіл автокөлік, әуе қайықтары, «КамАЗ» жүк көліктері және өзге де 21 бірлік техника тиді.
«Игі істер әлі де жалғасады»
Аймақ басшысы Асхат Шахаров бұл шаралардың өңір үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын назарға алды.
«Біздің ортақ міндетіміз — халықтың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «табиғи және техногендік апаттарды болдырмауға, алдын алуға жаңа заман құтқарушыларын даярлауға ерекше назар аудару қажет» деген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде жүйелі түрде жүзеге асып келеді, игі істер әлі де жалғасады», — деп атап өтті аймақ басшысы Асхат Шахаров.
