Қатты боран мен аязға байланысты Ақтөбе облысындағы бірқатар автожолдар уақытша жабылды. Қауіпсіздік шаралары аясында жолда қалған азаматтар арнайы ұйымдастырылған жылыту пункттеріне орналастырылды.
Байғанин ауданында патрульдік полиция инспекторы Олжас Тәліпов жол қозғалысын шектеу және тұрғындарды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде (ФОК) ұйымдастырылған жылыту орнына жеткізу жұмыстарын атқарды.
Осы сәтте оған Атырау облысынан келе жатқан ерлі-зайыптылар жүгініп, қастарында үш айлық нәресте бар екенін жеткізді. Олардың айтуынша, спорт зал жағдайы сәби үшін қолайсыз болған.
Жағдайды ескерген инспектор Олжас Тәліпов еш ойланбастан отбасыны өз үйіне түнеуге шақырды. Полицейдің жары қонақтарды жылы қарсы алып, ыстық шай ұсынып, нәрестеге қажетті жағдай жасауға көмектесті. Инспектордың қызы да кішкентай қонаққа қамқорлық танытты.
Жолда қалған отбасы полиция қызметкеріне және оның отбасына көрсеткен жанашырлығы мен адамгершілігі үшін шынайы алғысын білдірді.
