Ақтөбе облыстық соты батут орталығында ойнап жүріп, ауыр жарақат алған баланың пайдасына қомақты өтемақы өндірді. Сот алқасы алғашқы сатыдағы шешімді өзгертіп, моральдық зиян көлемін бірнеше есеге ұлғайтты, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеп.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы батут орталығында ойнап, мүгедек болып қалған баланың ісін қарады. Іс материалына сүйенсек, оқушы ойнап жүріп, құлап қалады. Сол кезде аяғынан зақым алып, бірнеше рет ота жасатты. Дәрігерлер кейін оған үшінші топ мүгедектігін береді.
— Баланың аяғына Илизаров аппараты орнатылған. Ұзақ уақыт ауруханада жатып, сабаққа бармады. Репетитордың қызметіне жүгінген. Бірінші сатыда сот баланың бастан кешкен қиындығын ескеріп, талап арызды ішінара қанағаттандырған. Жауапкерден 2 000 000 теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылған. Іс талап қоюшының шағымы бойынша апелляциялық сатыда қайта қаралды. Апелляциялық сатыда Азаматтық процестік кодекстің 6-бабының 5-бөлігін негізге алып, моральдық зиянды 7 000 000 теңгеге дейін ұлғайту қажет деген қорытындыға келді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
