Isker Tilshi

FlyArystan-ның қол жүгі саясаты тексеріліп жатыр

Фото: skytraxratings.com

Қазақстандағы лоукостер FlyArystan әуе компаниясына қатысты ресми тергеу басталды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тасымалдаушының қол жүгі (ручной кладь) үшін бекіткен төлем саясатын әділетсіз деп таныды, деп хабарлайды Isker Tilshi ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.

Мәселенің төркіні компанияның артық салмақ үшін бірыңғай тариф бекітуінде жатыр. Қазіргі ереже бойынша, жолаушы сөмкесінің салмағы нормадан қанша асса да, бірдей сома төлеуге мәжбүр.

Алматы қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің басшысы Нұржан Нұрланұлы брифинг барысында бұл жүйенің жолаушылар құқығын бұзатынын айтты.

«Яғни, 1 келі артық салмағы бар жолаушы мен 5 келі артық салмағы бар жолаушы бірдей құн төлеуге міндетті. Басқа әуе компанияларының тәжірибесін зерделеу қол жүгінің артық салмағы үшін дифференциалды, яғни нақты артық салмаққа қарай төлем алу мүмкіндігін көрсетеді», – деді Нұржан Нұрланұлы.

Департамент басшысының айтуынша, дәл осы «кез келген артық салмаққа бірдей баға» қағидасы тексеру жұмыстарын бастауға негіз болған. Бұл тәжірибе халықаралық стандарттарға және шетелдік әуе компанияларының жұмыс істеу үлгісіне қайшы келеді.

Ведомство бұл мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқан. Агенттік FlyArystan әуе компаниясына бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері бар екені туралы арнайы хабарлама жолдаған. Алайда тасымалдаушы компания қойылған талаптарды орындамады.

Нәтижесінде, монополияға қарсы орган тергеуді жалғастыру туралы шешім қабылдады. Егер заң бұзушылық дәлелденсе, әуе компаниясына айыппұл салынуы немесе саясатты өзгерту міндеттелуі мүмкін.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Еуразиялық банк дау-дамайында Шухрат Ибрагимов жеңіске жетті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *