Home Aqtobe Day Ақтөбе облысының әкімі Еуропалық Одақ делегациясымен маңызды кездесу өткізді
Aqtobe Day

Ақтөбе облысының әкімі Еуропалық Одақ делегациясымен маңызды кездесу өткізді

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің делегациясын қабылдады. Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Бауэр бастаған топ пен аймақ басшысы екіжақты байланысты нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Еуропалық Одақ бүгінде Қазақстан үшін кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы негізгі стратегиялық серіктестердің бірі саналады.

Өңір басшысы мәртебелі қонақтарға сапары үшін ризашылығын білдіріп, еуропалық серіктестермен байланыстың маңыздылығына тоқталды. Асхат Шахаровтың айтуынша, Ақтөбе облысында өзара құрмет пен сенімге негізделген тұрақты әрі сындарлы қарым-қатынастар әрқашан жоғары бағаланады.

Кездесуде облыс әкімі өңірдің инвестициялық тартымдылығын ерекше атап өтті. Ақтөбе облысы қазіргі таңда елдегі жетекші индустриялық аймақтардың қатарында тұр. Мұнда инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынатын «Ақтөбе» индустриялық аймағы мен арнайы экономикалық аймақ табысты жұмыс істеуде. Облыс басшылығы еуропалық компаниялармен бірлескен жаңа жобаларды іске қосуға толық дайын екендігін жеткізді.

Басқосу барысында тараптар Еуропалық Одақтың басымдықтарымен үндесетін салаларға баса назар аударды. Әңгіме өзегі таза және сутекті энергетика, климаттық технологиялар, цифрлық инфрақұрылым мен жасанды интеллект салаларында өрбіді. Сонымен қатар, тұрақты агросекторды дамыту, су ресурстарын басқару, экологиялық жобалар, кадр даярлау және ESG қағидаттарын енгізу мәселелері де талқыланды.

Кездесу соңында тараптар ашық әрі прагматикалық диалогты жалғастыруға уағдаласты. Асхат Шахаров ынтымақтастықтың болашағына сенім білдірді.

«Ақтөбе облысы Еуропалық Одақпен ашық және ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделі. Біз өзара нақты пайда әкелетін бастамаларды қолдауға дайынбыз», – деді облыс әкімі.

Сапар қорытындысы бойынша өзара іс-қимылдың нақты тетіктерін одан әрі пысықтау туралы келісімге қол жеткізілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version