Eurasian Resources Group (ERG) жұмыс басталар алдында карьерлік өзіаударғыштардың тежегіштерін міндетті тексеруді автоматты түрде бақылайтын компьютерлік көруге негізделген жүйені енгізді. Осылайша, жасанды интеллект тәжірибе емес, тәуекелдерді басқарудың нақты жұмыс құралына айналады.
Шешімді әзірлеуші – Топтың еншілес IT-компаниясы – Business & Technology Services (BTS). Жүйе ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатының төрт карьерінде іске қосылды.
Адам факторынң орнына – цифрлық бақылау
Карьерлік техника жоғары тәуекел жағдайында жұмыс істейді – тік еңістер, орасан жүктемелер және қарқынды қозғалыс. Мұндай ортада тежегіш жүйенің жарамдылығы қауіпсіздіктің маңызды факторына айналады.
BTS командасының әзірлемесі тежегіштерді міндетті тексеруді бақылауды цифрлық форматқа көшіреді. Карьерге кіреберісте орнатылған камералар тану алгоритмдері бар бағдарламалық жасақтамамен жабдықталған.
24/7 режиміндегі технология:
— бейне ағынына талдау жасайды;
— техниканың эстакада арқылы өтуін тіркейді;
— міндетті тоқтауды бақылайды;
— тежегіш жүйені тексеру фактісін анықтайды;
— ереже бұзушылықтарды анықтайды және деректерді жағдаяттық орталыққа жібереді.

Іс жүзінде әңгіме үздіксіз мониторингке көшу туралы болып отыр – бұл модельде ереже бұзушылықты жасыру немесе байқамай қалу дерлік мүмкін емес.
— Біз күн сайын карьерлік техникамен жұмыс істейміз және қателіктің құны қаншалықты жоғары екенін түсінеміз. Тежегіштерді тексеру жүйесі енгізілгеннен кейін тәртіп күшейіп, процесс түсінікті әрі ашық бола түсті. «Адам факторы барынша азайтылды және бұл өнеркәсіп қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», — деп атап өтті Дөң ТКБК тау-кен көлік цехының бастығы Бауржон Избасканов.
Тәуекелдердің алдын алуға бағытталған инвестиция
Жобаға Қазхром Қазақстандағы ERG-дің еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі директоратымен бірлесіп бастамашы болды.
— Көлік қауіпсіздігі – тау-кен өндірісіндегі негізгі басымдықтардың бірі. Біз үшін рәсімдерді жай ғана ресми түрде сақтау емес, тәуекелдерді нақты азайту маңызды. Тежегіш жүйелерді тексерудің сандық бақылауы ауытқуларды оқыс оқиғаға әкелмес бұрын анықтауға мүмкіндік береді. «Бұл ең құнды дүниеге – қызметкерлеріміздің өмірі мен денсаулығына салынған инвестиция», – деп атап өтті Қазақстандағы ERG-дің еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі директоры Алимхан Ерходжаев.
Цифрландырудан – бизнестің тұрақтылығына
Қазақстандағы ERG бас директорының цифрландыру және ЖИ жөніндегі орынбасары Еркен Шназбаевтың айтуынша, жеке технологиялық шешімдерді дамыту өнеркәсіп компаниясының бәсекеге қабілеттілігін арттырады:
— Бүгінгі таңда өнеркәсіптегі цифрландыру – бұл, ең алдымен, тәуекелдердің алдын алу. Шешімдер компания ішінде жасалған кезде оларды нақты өндірістік процестерге дәл бейімдеуге болады. Компьютерлік көруді пайдалану қауіпсіздіктің реактивті моделінен проактивті моделіне көшуге мүмкіндік береді – бұл жағдайда ықтимал қауіп ол қатерге айналғанға дейін анықталады.
Шешім нақты өндірістік жағдайларда өзінің тиімділігін дәлелдеді және ERG алдағы уақытта технологияны Топтың басқа кәсіпорындарына кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, өнеркәсіп қауіпсіздігіне AI енгізу жаһандық трендті көрсетеді: компаниялар оқыс оқиғаларға жауап беруден технологиялық тұрғыдан олардың алдын алуға көшуде. Бұл модельде цифрлық құралдар жай ғана автоматтандыру элементі емес, бизнестің тұрақтылығы мен өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз ететін факторға айналады.