Home Әлеумет Қазақстан мектептерінде смартфонға толық тыйым салынуы мүмкін
Әлеумет

Қазақстан мектептерінде смартфонға толық тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда оқушылардың мектеп қабырғасында смартфон пайдалануына толық шектеу қойылуы ықтимал. Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасына сәйкес түзетулер енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tilshinews.kz Tengri Education сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта қолданыстағы ереже бойынша тыйым тек сабақ үстінде ғана жүреді. Ал үзіліс кезінде гаджеттерді пайдалану құқығын әр мектептің әкімшілігі өз бетінше реттейді. Алайда, жаңа бастама бұл тәртіпті түбегейлі өзгертуді көздейді.

Мектеп директоры емес, Министрлік шешеді

Ұсынылып отырған заң жобасының салыстырмалы кестесіне сүйенсек, мектептерден телефон пайдалану ережесін бекіту құқығы алынып тасталады. Бұл құзырет тікелей білім беру саласындағы уәкілетті органға, яғни Оқу-ағарту министрлігіне немесе аумақтық білім басқармаларына өтеді. Депутаттар «Білім алушылардың құқықтары мен міндеттері» туралы 47-бапты жаңа редакцияда ұсынды.

«Білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларда көзделген жағдайларды қоспағанда, орта білім беру ұйымдарында оқу процесі кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс абоненттік құрылғысын пайдалануына жол берілмейді», — делінген құжат мәтінінде.

Кибербуллинг және «тірі» қарым-қатынас

Заң жобасының авторлары мұндай қатаң шараның себебін бірнеше фактормен түсіндіреді. Негіздемеде көрсетілгендей, телефонға тыйым салуды тек сабақ уақытымен шектемей, үзіліске де тарату кибербуллинг қаупін азайтады. Сондай-ақ, бұл қадам оқушыларды деструктивті контенттен қорғап, мектептегі тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтеді деп күтілуде.

Мамандардың пікірінше, гаджетсіз орта балалардың өзара «тірі» қарым-қатынасын жақсартып, әлеуметтенуіне оң әсер етеді. Бұл салауатты білім беру ортасын қалыптастырудың маңызды бөлігі саналады.

Естеріңізге сала кетейік, оқушыларға сабақ кезінде смартфон ұстауға заңнамалық тыйым 2024 жылдың басында енгізілген болатын. Ендігі кезекте депутаттар шектеу ауқымын кеңейтіп, оқушы назарын толықтай білімге және шынайы өмірге аударуды көздеп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version