Ақтөбе өңірінде құрылыс саласы жаңа деңгейге көтерілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста жоспарланған 89 әлеуметтік нысанның 62-сі толық аяқталып, халық игілігіне берілді. Ал қалған 27 жоба биылғы жылға өтпелі кезең ретінде жалғасын табады, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы өткен жылдың нәтижелерін қорытындылады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы өңірдегі құрылыс-монтаж жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге шамамен 89 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат бірнеше қаржы көзінен, атап айтқанда Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден, сондай-ақ Арнаулы мемлекеттік қор есебінен қарастырылды. Бөлінген қомақты қаржы негізінен тұрғын үй құрылысына және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталды.
Басқарма басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының басым бөлігі халықтың әлеуметтік сұранысын өтеуге арналған.
«Әлеуметтік нысандардың басым бөлігі білім беру саласына тиесілі – 47 жоба. Денсаулық сақтау саласында 19 нысан салынып, олардың 18-і ел игілігіне берілді. Спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, төтенше жағдайлар және мемлекеттік органдар объектілері бойынша да құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде», – деді Аслан Жарасбаев.
Ағымдағы жұмыстармен қатар, өңірде стратегиялық маңызы бар ірі нысандардың іргетасы қаланды. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында жаңа музыкалық-драма театры, заманауи үлгідегі футбол стадионы және 5000 орынға лайықталған әмбебап спорт кешені бой көтеріп жатыр. Жергілікті билік бұл нысандар өңірдің мәдени және спорттық әлеуетін арттыруға үлкен серпін береді деп сенеді.
