Қазақстанның Қарулы күштерінде тағы бір қаралы жағдай тіркелді. 2026 жылдың 17 ақпанында Маңғыстау облысындағы полигонда оқ ату жаттығуы кезінде сарбаз оққа ұшырап, көз жұмды, деп хабарлайды «Тілші».
Қайғылы оқиға «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің бірінде болған.
Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі оқиғаның «Бейнеу» полигонында болғанын растады. Сарбаз жоспарлы далалық оқ ату жаттығулары кезінде қаруды қолдану барысында өміріне қауіпті жарақат алған.
«Ағымдағы жылдың 17 ақпанында Маңғыстау облысының «Бейнеу» полигонында жоспарлы далалық оқ атуды өткізу барысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Құрлық әскерлерінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қарумен жұмыс істеу кезінде оқ жарақатын алды. Аталған факті бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оның шеңберінде болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда», – делінген ресми хабарламада.
Қорғаныс министрінің арнайы тапсырмасымен оқиға орнына оның орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бастаған комиссия шұғыл жолға шықты.
Сонымен қатар, Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқиғаға қатысты өз мәлімдемесін жасады. Қадағалаушы органның ақпаратына сәйкес, оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасарымен бірге Бас әскери прокурор және Ішкі істер министрлігі Әскери-тергеу департаментінің бастығы да барды.
Қазіргі таңда қажетті тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Іс бойынша процестік прокурор анықталды. Тергеу барысы Бас прокуратураның тікелей бақылауына алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

