Burger King Kazakhstan компаниясы аутизмі бар қызметкерге қатысты туындаған үлкен даудан кейін екі шетелдік басшыны жұмыстан босатты. Қоғамдық резонанс пен қызметкерлерді кемсіту туралы айыптаулардан соң компания шұғыл кадрлық шешім қабылдады, деп хабарлайды Isker Tilshi Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Желідегі шудан кейін компания ішкі тексеріс жүргізіп, нәтижесінде аумақтық басқарушылар қызметтерінен кетті.Burger King Kazakhstan әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасап, Қазақстан азаматтарының қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әрекеттерге төзбейтінін жеткізді.
«Қабылданған басқарушылық шешімдер аясында аумақтық басқарушылар Сергей мен Анастасия бұдан былай компания қызметкерлері емес. Burger King Kazakhstan кез келген кемсітушілік формасын, құрметсіздік танытуды немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының қадір-қасиетін қорлайтын сөздерді мүлдем қабылдамайды», – делінген хабарламада.
Бұл оқиға Жанат Қаратай есімді ананың Threads желісіндегі жазбасынан басталды. Ол 4 жыл бойы тұрақты жұмыс істеген ерекше қажеттілігі бар ұлы Әлібектің жаңа басшылық тарапынан қысымға ұшырағанын айтты. Ананың сөзінше, жаңа менеджер инклюзивті қоғам қағидаларын түсінбей, қызметкерді жұмыстан шеттете бастаған.
Қазіргі уақытта компаниядағы ішкі тергеу әлі жалғасуда. Желі қолданушылары бұл шешімді қолдап, сонымен қатар басшылық қызметтерге шетелдіктердің орнына жергілікті қазақстандық мамандарды тағайындауды талап етіп жатыр.

