2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдум өтеді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов қоғамдық пікірге сауал салу тәртібіне қатысты арнайы үндеу жариялап, заң талаптарын еске салды.
Еліміздің бас қадағалаушы органы референдум қарсаңында сауалнама жүргізудің нақты ережелері бар екенін және оны бұзғандар жауапқа тартылатынын қатаң ескертеді.
Заңнамаға сәйкес, референдумға қатысты қоғамдық пікірге сауал салуды кез келген адам немесе ұйым жүргізе алмайды. Бұл құқыққа тек кемінде бес жыл тәжірибесі бар және тиісті түрде тіркелген заңды тұлғалар ғана ие. Олар сауалнаманы бастамас бұрын Орталық сайлау комиссиясын (ОСК) жазбаша түрде алдын ала хабардар етіп, мамандары, өңірлері және қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтерді ұсынуы міндетті.
БАҚ пен онлайн-платформаларға да қойылатын талап қатаң: сауалнама нәтижелерін жариялаған кезде оны кім жүргізгенін, кім тапсырыс беріп, ақысын төлегенін, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын және қателік коэффициентін міндетті түрде көрсетуі тиіс.
Сонымен қатар, сауалнама нәтижелерін дауыс беру күнінде және оның алдындағы бес күн ішінде жариялауға, сондай-ақ дауыс беру орнында сауалнама жүргізуге қатаң тыйым салынады.
Прокуратура органдары референдумға дайындық кезінде заңдылықтың сақталуын жіті қадағалап отыр. Қазірдің өзінде бірнеше факті тіркеліп, кінәлілер жазаға тартылған.
«Осы арада бүгінгі күні 4 бұзушылық анықталды, оның ішінде республикалық референдумға қатысты заңсыз қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізудің 3 фактісі және сауал салудың қорытындыларын тиісті деректемелерсіз жариялау 1 фактісі», — делінген Бас Прокурор орынбасарының үндеуінде.
Белгілі болғандай, екі жағдайда сауалнаманы жеке тұлғалар, ал бір жағдайда заңды тұлға ОСК-ны ескертпестен, өз бетінше жүргізген. Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары екі азамат пен бір заңды тұлғаны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы бойынша жауапкершілікке тартып, оларға айыппұл салды.
Оған қоса, бір баспа басылымының иесі сауалнама нәтижелерін міндетті деректемелерсіз жариялағаны үшін жауапқа тартылған.
Осыны ескере отырып, Бас прокуратура барша азаматтарды, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерін референдумға дайындық және оны өткізу кезінде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырады.

