Ақтөбе полицейлері қалада синтетикалық есірткі таратпақ болған 38 жастағы күдіктіні құрықтады. Тінту барысында одан жарты келіге жуық қауіпті психотроптық зат табылды, деп хабарлайды Tilshinews.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары гараж кооперативтерінің бірінде 38 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді. Қызметтік-іздестіру итінің көмегімен күдіктінің Daewoo Nexia автокөлігін тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған 43 орам және екі таблетка табылды.
Бұдан кейін тәртіп сақшылары есірткіні бөлшектеуге арналған гараждың жертөлесін тінтіді. Ол жерден тағы 161 орам, өзіне тән иісі бар үш шағын ыдыс, электронды таразы, термометр, zip-пакеттер, изоленталар және есеп жүргізілген жұмыс дәптері тәркіленді.
Тінту жұмыстары күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жалғасты. Пәтер ішінен ұнтақ салынған 44 орам, 200-ге жуық бос zip-пакет, есірткі қалдығы бар пластик бөтелке мен ноутбук табылды.
Полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан жалпы салмағы 500 грамм болатын синтетикалық психотроптық заттарды алды. Бұл көлем көшеге таралуы мүмкін 3 мыңнан астам бір реттік дозаны құрайды. Қазіргі таңда күдікті Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес Ақтөбе қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аса ірі мөлшердегі есірткі айналымы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
