Ақтөбе қаласында облыстың мемлекеттік, құқық қорғау және арнайы органдары басшыларының басын қосқан арнайы көшпелі алқа отырысы өтті. Жиын барысында өңірдің көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығы пысықталып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Биылғы табиғи апаттардың алдын алу жұмыстарына жергілікті билік пен құтқарушылар барынша ерте қамданып жатыр.
Прокурор мен әкімнің қатаң талабы
Алқа отырысын ашқан облыс прокуроры Марат Әбішев су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру кезінде ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу керектігін қадап айтты. Ол елді мекендердің инженерлік қорғанысын, гидротехникалық құрылыстардың, көпірлер мен автомобиль жолдарының жай-күйін тұрақты түрде бақылауда ұстауды міндеттеді. Сонымен қатар, эвакуациялық пункттер мен тиісті қызметтер кез келген жағдайға жедел әрекет етуге толықтай дайын болуы тиіс.

Облыс әкімі Асхат Шахаров та бұл мәселенің ерекше бақылауда екенін еске салды. Өңір басшысы барлық уәкілетті органдардан ведомствоаралық өзара іс-қимылды үйлестіріп, ақпаратты жедел алмасуды талап етті. Әсіресе, қауіпті аймақтардан халықты уақытылы көшіру және оларға алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мәселесіне басымдық берілді.
Жаңа қайықтар мен 800 техника дайын
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин өңірдегі қазіргі ахуалды баяндап берді. Оның мәліметінше, облыста арнайы жедел штабтар құрылып, «жедел желі» іске қосылды және мамандар тәулік бойы үзіліссіз кезекшілік атқаруда.
Төтенше жағдайларға шұғыл ден қою мақсатында 2 мыңнан астам қызметкер, 800-ден астам техника және 8 әуе кемесі сақадай сай тұр. Бұдан бөлек, биылғы маусымға арнайы 19 жаңа техника сатып алынды. Олардың қатарында аэрожайықтар, жедел әрекет ету автокөліктері, гидроциклдер және су қайықтары бар.
Полиция органдары да бұл істен шет қалмады. Тәртіп сақшылары су тасқыны кезінде және оның салдарын жою барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқықтық тәртіпті қадағалайды.
Кеңес қорытындысы бойынша барлық жауапты мемлекеттік органдарға халыққа келетін ықтимал залалды барынша азайту және табиғи апатқа жедел ден қою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.