Home Aqtobe Day “Курьер” ақтөбелік бойжеткенді 7,5 млн теңгеге алдап кетті
Aqtobe Day

“Курьер” ақтөбелік бойжеткенді 7,5 млн теңгеге алдап кетті

Фото: freepik.com

Ақтөбеде интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. 26 жастағы қала тұрғыны өзін гүл жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған белгісіз адамның арбауына түсіп, 7,5 миллион теңгесінен айырылған, деп хабарлайды «Тілші».

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға мереке қарсаңында болған. Жәбірленушіге WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалған ер адам гүл жеткізу қызметінен екенін айтып, тапсырысты растау үшін телефонға келген кодты хабарлауды сұраған. Әйел күмәнданбай, SMS арқылы келген растау кодын айтып берген.

Көп ұзамай оған өзін банк қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырған тағы бір адам хабарласқан. Ол берілген код алаяқтардың қолына түскенін, енді жәбірленушінің атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. «Қаражатты сақтап қалу үшін оны қауіпсіз шотқа аудару қажет» деген сылтаумен бойжеткенді шұғыл түрде ақша аударуға көндірген.

Соның нәтижесінде жәбірленуші алаяқтардың нұсқауын орындап, 7,5 миллион теңгені бөгде есепшотқа аударып жіберген.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта күдіктілерді анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарға бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды хабарламауды, «қауіпсіз шот» туралы ұсыныстарға сенбеуді және күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатуды ескертеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version