1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев президент әкімшілігінің құрылымын өзгертіп, бірқатар кадрлық өзгерістер жасады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметі жойылып, төрт бөлім қысқартылған. Бұған дейін осы қызметтерде болған шенеуніктер қызметінен босатылып, кейбірі жаңадан құрылған қызметтерге тағайындалды.
Жаңа құрылымда президент әкімшілігінің жетекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, президент кеңсесінің жетекшісі, президенттің көмекшілері, президенттің кеңесшілері, президент әкімшілігінің бөлімдері бар.
Жаңа жарлық бойынша, президенттің бес көмекшісі бар: ішкі саясат және коммуникация мәселелері жөніндегі; экономика мәселелері; халықаралық мәселелер; құқықтық мәселелер; ғылым және инновация мәселелері бойынша көмекші.
Жұма күні төмендегідей тағайындаулар болды:
- Ғизат Нұрдәулетов Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды;
- Руслан Желдібай – президенттің ішкі саясат мәселелер және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі;
- Ержан Қазыхан – президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі;
- Ержан Жиенбаев – президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды;
Ақорданың баспасөз қызметі бұған қоса, өзге де бірқатар кадрлық тағайындаулар болғанын хабарлады.
Жұма күні бұған қоса, Тоқаевтың жарлығымен бірнеше министрліктер қайта құрылып, бірқатар министрлер қызметінен босатылды. Тоқаевтың шешімімен:
- Марат Қарабаев – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметінен босатылды;
- Дархан Қыдырәлі – ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босатылды;
- Асхат Оралов – мәдениет және спорт министрі қызметінен босатылды;
- Зульфия Сүлейменова – экология және табиғи ресурстар министрі қызметінен босатылды.
Тоқаев бұған қоса мына бес министрлікті құрды:
- Су ресурстары және ирригация министрлігі;
- Көлік министрлігі;
- Туризм және спорт министрлігі;
- Мәдениет және ақпарат министрлігі;
- Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды.
Қызметінен босатылған министрлер жақын уақытта жаңадан құрылған министрліктерге баруы мүмкін.
дереккөз: azattyq.org
фото: nur-sultan3d.kz
Be the first to comment on "Тоқаев президент әкімшілігінің құрылымын өзгертіп, бірқатар кадрлық өзгерістер жасады"