Қырғызстанда тәуелсіз Kloop басылымын бұғаттау басталды

Қырғызстандағы интернет-провайдерлердің бірқатары Kloop.kg сайтын бұғаттады. Бұл туралы басылым сайтында хабарланды. Мәденет министрлігінің Kloop.kg сайтын шектеу жөніндегі талабын «О!» мобильді операторы мен Homeline провайдері орындады.

Редакция сайты бұғатталып жатқанына қарамастан, мәдениет министрлігінің материалдарды өшіру туралы талабын орындамайтынын мәлімдеді. Бұған қоса, Kloop.kg материалдарын сайт көшірмелерінен, басылымның әлеуметтік желілердегі парақшаларынан және VPN көмегімен оқуға болады.

Бұның алдында Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі Kloop.kg басылымынан «Саясаткер Раушан Жеенбеков бірінші тергеу изоляторында азапталғанын мәлімдеді» атты материалды екі күн ішінде өшіруді талап еткен. Мемлекеттік орган БАҚ талапты орындамаған жағдайда «Kloop.kg сайтының жұмысын екі ай ішінде тоқтату» туралы шешім қабылданатынын ескерткен. Министрлік осындай талап қоярда «фейк туралы заңға» сүйенген.

Басылым заңгерлері министрлік талабына арызданды. 11 қыркүйекте мәдениет министрлігі Kloop.kg арызын кері қайтарды.

Бұның алдында Бішкек прокуратурасы «Клооп Медианы» жою туралы сотқа шағым түсірген. Басылым құзырлы органның бұл әрекетін «Қырғызстандағы сөз бостандығына жасалған қысым» деп қабылдаған. Осы іске қатысты алғашқы сот отырысы 26 қыркүйекке белгіленді. Сот Бішкек қаласы Свердлов аудандық сотында өтеді.

«Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) халықаралық ұйымы, Human Rights Watch (HRW), сонымен бірге Қырғызстандағы медиақауымдастық «Клооп Медиаға» қарсы шағымды қайтарып алуға шақырды.

centralasian.org

Be the first to comment on "Қырғызстанда тәуелсіз Kloop басылымын бұғаттау басталды"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*