«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Астрахань қаласында «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ басшылық құрамымен кездесті.
Кездесуде ҚМГ мен «ЛУКОЙЛ» компанияларының Каспий теңізі қайраңында «Қаламқас теңіз, Хазар, Әуезов» бірлескен жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мұнай кен орындарының бірте-бірте сарқылуына және 2030 жылға қарай өндірілетін мұнай көлемінің азаюына байланысты «Қаламқас теңіз» және «Хазар» ірі кен орындарын игеру жұмыстарын бастау жөнінде шешім қабылдаған болатын.
«ҚазМұнайГаз бен ЛУКОЙЛ компанияларының бірлескен жобасы Президенттің жаңа кен орындарды игеру және геологиялық барлау бағытына белсенді түрде инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында іске асырылуда. Қазіргі уақытта біз жобаның операторы – «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС құру бойынша рәсімдерді аяқтап қалдық. Жыл соңына дейін жобалық құжаттаманы әзірлеу кезеңіне шығуды көздеп отырмыз», — деп атап өтті М. Мырзағалиев.
Кездесуде, сондай-ақ, Қаламқас/Хазар және басқа да күрделі жобалардан бөлек, «ҚМГ Инжиниринг» және «ЛУКОЙЛ-Инжиниринг» компаниялары арасында инжиниринг және ғылыми-техникалық сүйемелдеумен қатар, операциялық қызмет бойынша да өзара байланыс орнату мақсатында консорциум құру перспективасы қаралды.