Молдова шығарып жіберген Sputnik басылымының басшысы Ресей арнаулы қызметінде істеген

13 қыркүйекте Молдова өкіметі елден шығарып, он жылға дейін қайта кіруге тыйым салған «Sputnik Молдова» ақпарат агенттігінің басшысы Виталий Денисов Ресей арнаулы қызметіндегі 72-орталықтың қызметкері болып шыққан. Мұны The Insider басылымы жариялады.

«Шетел аудиториясына Ресей арнаулы қызметінің мүддесіне сай келетін ақпарат таратумен шұғылданған» дейді басылым.

Украинада туып-өсіп, 1992 жылы Львов жоғары әскери-саяси училищесін бітірген Денисов Украинаға ант беруден бас тартып, Мәскеуге кеткен» деп жазады The Insider. Ресейде оны арнаулы қызметтің штаб-пәтеріне жақын маңдағы офицерлер жатақханасына орналастырған.

Содан соң Ресей қорғаныс министрлігінің негізгі баспасөз үні — «Красная звезда» газетінің қызметкері болған. Арнаулы қызметтің бақылауындағы «Трибуне за рубежом» басылымына да жазып тұрған.

2005 жылы Ресей қорғаныс министрлігінен қызмет пәтерін алған, 2013 жылы Мәскеу облысының бас тергеу басқармасында жұмыс істеген.

Ресей қорғаныс министрлігіндегі дереккөздеріне сүйенген The Insider Денисов тергеу комитетінен арнаулы қызметтің шетел аудиториясына жалған ақпарат таратумен айналысатын 72-орталығына ауысқан деп жазады. 2016 жылы полковник шенін алған. 2019 жылы Оңтүстік Осетиядағы, кейін Әзербайжандағы, 2022 жылдан Молдоваағы Sputnik басылымына жетекшілік еткен. Бұл ақпараттар жөнінде Денисовтің өзі әзірге түсінік бермеген.

Молдованың көші-қон қызметінің қызметкерлері Денисовті Молдовадан шығарып, 10 жылға дейін қайта кіруге тыйым салған. Денисовтің сөзінше, «оған заттарын жинауға да мүмкіндік бермей ұшаққа отырғызып жіберген».

Денисовтің депортацияланғанына «Sputnik Молдова» да кіретін «Россия Сегодня» медиатобының жетекшісі Дмитрий Киселев назар аударып, «Молдова билігі халықаралық қатынастардың барлық шегінен аттап өтті» деп сипаттаған.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң Молдованың ақпарат және қауіпсіздік қызметі «Sputnik Молдова» сайтын бұғаттаған. 2023 жылы 7 наурызда аталған ақпарат агенттігінің тағы да бес сайтын бұғаттаған.

2023 жылы шілдеде The Insider мен Jurnal TV Кишиневтегі Ресей елшілігінде істейтін арнаулы қызмет өкілдері туралы зерттеуін жариялаған. Осыдан кейін Молдова Ресейдің 45 дипломатын елден шығарған.

дереккөз: azattyq.org

фото: mail.ru

Be the first to comment on "Молдова шығарып жіберген Sputnik басылымының басшысы Ресей арнаулы қызметінде істеген"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*