«Шетелдік қаржыландыруды қолдаймын» деп мәлімдеген Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева оған инвестиция ретінде қарау керектігін жеткізді, деп хабарлайды «Тілші».
Бану Нұрғазиеваның пайымынша, тоқсаныншы жылдары еліміздегі қоғамдық бірлестіктер, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау ұйымдары көк тиынсыз қалғанда шетелдік қаржыландыруға жүгіне бастаған.
«Ізінше өзге үкіметтік емес сектор да шетел қаражатын ала бастады. Өз басым оны қолдаймын. Ол да инвестиция. Оған қарсы емеспін. Меніңше, оған мемлекет те қарсы емес. Келген ақша елімізді дамытуға жұмсалса, әрине, рақмет. Дегенмен, кімнің қайдан қаржы алып жатқаны ашық көрсетілуі керек», — деді Бану Ғаниқызы «Тілшіге» берген сұқбатында.
Альянс президенті Бану Нұрғазиева ел экономикасына үкіметтік емес ұйымдар тарапынан келіп жатқан экономикалық пайда есебінің жүргізілмейтініне қынжылыс танытты.
«Бұл мәселені үнемі көтеріп жүрмін, көтере беремін де. Үкіметтік емес сектор қаншалықты инвестиция тартылып жатқанын есептеп жатқан жоқ. Бұл дұрыс емес», — деді ол Ақтөбеге іссапары кезінде «Тілшіге».
Бану Ғаниқызы, сонымен бірге, Қазақстан тарапынан «шетел агенті» деген түсінік енгізілмейтінін, ондай заң болмайтынына сенім білдірді. Альянс президенті, сонымен бірге, Үкіметтік емес ұйымдар қызметін реттейтін заңнаманың жоқтығын айтып өтті.
«Екі жылдан бері «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» Заң жобасын талқылап келеміз. Алдағы уақытта Альянс басшылары өзара талқыға салып, Парламент мәжілісіне ұсынып көреміз. Бізде ҮЕҰ туралы Заң жоқ. Ол заң мемлекет мен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынасты реттейтін құрал іспетті болу керек. Бізде коммерциялық емес ұйымдар туралы, қоғамдық ұйымдар туралы заңдар бар. Бірақ, онда партия қызметі, кәсіподақ жұмысы туралы да айтылады. Олардың әрбіріне қатысты бөлек заңдар бар ғой», — деді Бану Нұрғазиева.
Марат Төлепберген, «Тілші»
фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі