Соңғы кездері жас әнші Жандос Қаржаубайұлының орындауындағы «Көзмоншағым» әні тойшыл қауым арасында хитке айналды. Әнші көптің сұранысына ие болған әнінен кейінгі өміріндегі өзгерістер туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Жандос мырза, сізбен сұхбаттасудың реті түскеніне қуаныштымыз. Әңгімені шығармашылық жаңалықтардан бастайықшы…
Шығармашылығымда «Көзмоншағым» әні шыққалы бері сегіз айдан асты. Осы сегіз айдың ішінде сегіз әнім жарық көрді. Солардың бесеуіне клип түсірдік. Аллаға шүкір, жақсы таралып, халықтың көңілінен шығып жатыр. Былтыр көктемде Ақтөбе және Алматы облыстары бойынша гастроль жасадық. Осы жылы 18 қыркүйектен бастап Қазақстан бойынша тур жасап жүрміз.
«Көзмоншағым» әні өміріңізді қаншалықты өзгертті?
Хит әндерім әрине, өміріме үлкен өзгеріс әкелгені жасырын емес. Тойға тапсырыс көбейді. Халық арасында танымалдылығым арттыруда. Бұрын Төреғали ағаларымыз, Абай Бегей ағаларымыз «Аспанға қараймын» сияқты хит әндердің арқасында үй алдым, материалдық жағдайымды жақсарттым» дегенде, ертегі сынды көріп, сенбейтін едім. Бірақ еңбек бәрін жеңеді екен. Себебі, «Көзмоншағым» шыққалы бері Алматы қаласынан үйлі болдым, астыма су жаңа «Toyota camry — 70» көлігін міндім. Сазгерлік қырыңызды да ел біледі.
Тыңдарман жүрегіне жеткен «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» әнінің шығуына не түрткі болды?
Әншілікке келмес бұрын халық мені сазгер ретінде таныды. Қуандық Рахымның репертуарындағы «Жан досыма», Кеңес Әлімжанның орындауындағы «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба» сияқты әндерінің әуенін жаздым. Композитор ретінде осы екі ән менің төлқұжатыма айналды. «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» әнінің негізгі мәні сөзінде ғой. Оның сөзін Қызылордалық ақын Ақжол Түменбай өзінің жары Жұлдызайға, музасына арнап «Ж-ға» деп жазған. Бұл жерде сөзінің тарихы бар, әнінің өз тарихы бар. Ол кезде жаспыз, бойдақпыз, махаббатпен ауырамыз, қосыла алмай жүрген жұптарға қарап, ойдан шығарамыз. Бірақ бұған мұрындық болардай оқиғам жоқ.
Өнердегі ағаларыңыздың әндерін жаңартып орындап жүрсіз. Хит болатын әнді таңдауда қағидаларыңыз қандай?
Хит болу – ән мен әншінің бағы. Қазір өзі сондай дәуір болып тұр. Екіншіден, ол әндер халықтың құлағында қалған. Сондықтан, ел өзі мұндай әндерді естісе елең ете қалады. Ел ескі әндерді сағынған. «Қазіргі әндерде мағына жоқ, мән жоқ» деп жатады. Дәл сол үшін ескі әндерді жастар арасына таратып жатырмыз. Менің орындауымда Өктем Алтаевтың «Жұмбақ қыз» әні бар. Ол әнді ағамыздың өзінің рұқсатымен жаңартып жаздық. Және «Ақмаралым деген ән бар. Бұл әнді көп жастар біле бермейді. Өзіміз бала күнімізде магнитофоннан тыңдап өстік. Уағында Өскемендік «Мұзтау» деген топ айтқан. Әні мен сөзі Асқар Ысқақ ағамыздыкі. Сол әнді жақында «Кавер шоуда» қайта жаңғырттым. Барлығы авторлардың рұқсатымен заңды түрде болды.
Сазгер ретінде қазақ эстрадасындағы музыкалық біліктілікке көңіліңіз тола ма?
Мен кәсіби сазгер емеспін. Нотаны да дұрыс танымаймын. Менің әндерімнің барлығы жүректің нотасымен жазылған. Сондықтан, басқа біреудің шығармашылығын сынап-міней алмаймын.
Хейт пікірлер жазылып жата ма? Қалай күресесіз?
Хейт жазылады. Адамдар қазір не болса, соны жаза береді ғой. Алғашында қатты көңілім қалып, ашуланып, өнерді тастап кеткім келетін. «Мен шынымен сондаймын ба?» деп уайымдап қалатынмын. Қазір оларға мән бермеймін. Жұрт айтса, айта берсін деп отыра беремін.
Әлеуметтік желіде кішкентайыңызбен қызықты шақтарыңызды жиі бөлісесіз. Ұлыңыздың өнерге ұмтылысы барын байқау қиын емес. Болашақта өнер жолын таңдаймын десе, әке Жандостың жауабы қандай болмақ?
Баламды көп жариялап жүрмін. Атын әжесі батасын беріп, Ханием деп қойды. Жүрген жерінде хан сияқты сыйланып, патшадай құрметті болсын деген ырым-ниетпен, осындай ерекше есім бердік. Қазір күнде бір қылық шығаратын кездері ғой. Өзі — сондай алғыр бала. Бір жасынан бастап домбыраға қызығады, доп ойнайды. Бала болып, мультфильм көрмейді. Теледидар қосып, айтыс қойып береміз. Қолына домбырасын алып алып, ойнап, ыңылдап отырады. Өзін айтысып отырмын деп сезінеді. Кейде футбол қосып береміз. Қызық көріп, қарап отырады. «Далаға доп ойнайық» деп сүйрейді. Өнерге жақындығы қаннан келген шығар. Себебі анасы да өнер адамы. Эстрадада өзім жоғары бағалайтын әншілердің бірегейі. Балам болашақта қандай маман иесі болам десе де, қолдаймын. Өнер адамы болуына да аса қарсы емеспін. Ер бала ғой. Мүмкін қыз бала болғанда ойланар едім.
Әңгімеңізге рақмет! Сұхбат құрған — Жанар Тайырқызы