Ақтөбе облысының басшысы Шалқар мен Аралдың арасына жол салу жөнінде бастама көтерді, деп хабарлайды “Тілші”. Әкімнің пайымынша, екі аралықтағы бұрын жол болмаған бірнеше елді мекеннің экономикалық жағдайы жақсара түспек. Мұндай ойын Шалқар ауданына жұмыс сапарымен барғанда Шахаров жол мамандарына ұсынып көрді.
“Жағдайды зерттеп, сараптама жасап, осы жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарап көріңіздер. Алдағы жылдары Қандыағаш-Шалқар жолы толық аяқталады. Ақтөбе мен Шалқар аралығына жол түседі. Жол Шалқармен шектелмеу керек деп ойлаймын. Арал арқылы әрі қарай қатынауға мүмкіндік туады. Жолдағы ауылдарға да жол барып, қатынас жақсарып қалар еді. Жолда 4-5 ауылда шамамен 5 мың халық тұрады”, – дейді Асхат Шахаров.
Ал, Шалқар мен Ырғыз аралығына орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол аралық – облыстағы ішкі жолдар болып қала бермек.
Өз кезегінде, “ҚазАвтоЖол” мамандары республикалық маңызы бар жолдардың өз талаптары болатынын, дегенмен, облыс басшысының ұсынысын толық зерттеп көретінін жеткізді.
Марат Төлепберген, “Тілші”.
Be the first to comment on "Асхат Шахаров Шалқар мен Аралдың арасына жол салмақшы"