Ақпарат

Қобдалықтар өңірдегі үлгілі балабақшаның 10 жылдығын атап өтті

Ақтөбе облысының Қобда ауданында осыдан 10 жыл бұрын меценат Исламбек Салжанов салып берген балабақшаның алғашқы мерейтойы атап өтілді, деп хабарлайды «Тілші». Бүгінде мұнда 200 бала тәрбиеленеді. Балабақша соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған.

10 жылдыққа арналған концертке балабақшаның 100-ден астам тәрбиеленушісі жұмылдырылған. Балалар би биледі, ән салды, қойылымдар қойды. Оларға, тіпті, ата-аналары көмектесті.

Айта кетейік, 10 жыл бұрын неміс құрылысшылары балабақша салуға Қобдаға келген болатын. Құрылыс материалдары да сонау Германиядан алынған. Бүгінде есік-терезесі, парта-отырғыштарына дейін сол күйі — өзгермеген.

Неміс сапасы өз алдына! Меценат Исламбек Салжанов Қобдаға салдырған “Нұрлы болашақ” балабақшасының директоры да 1,5 млрд теңгеге тұрғызылған “аманат” ғимаратты барынша сол күйінде сақтауға тырысқан.

“Бала кезімде балабақшаға бара алмадым. Орын болмады. Тек шарбағынан сығалап қалғаным есімде. Сол көрініс әлі күнге көз алдымда! Ауылда беделді болған атам да мені бақшаға орналастыра алмады. Ер жеттік, кәсіппен айналыстық. Араға жылдар салып ауданның сол кездегі басшысы ескі балабақшаны жөндеп беруімді сұрады. Көп ойланбадым. Одан жаңасын салдыру керек деп жер сұрадым. Бәрі оңынан болды. Неліктен Қобдада заманауи, тіпті, қаладағы бақшаларға бергісіз балабақша болмау керек?! Ғимарат тұрғыздық. Әкімдікке балансқа өткіздік. Мен содан бері бұл балабақшаны қамқорыма алып келемін. Рас, 5 жылдыққа келе алмадым. 10 жылдығында балалар керемет етіп әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалау бұйырды. Менің арманым орындалды десем, артық айтқаным емес. Не сезіп тұрғанымды білсеңіз ғой!”, — деді мерейтой куәсі болған Исламбек Салжанов.

Меценат балабақша түлектері назарсыз қалмайтынын айтады.

“Көзге түскен, талантты, білімде, қоғамдық өмірде үздік танылғандарына отандық оқу орындарына грант тағайындағым келеді. Болашағынан зор үміт күттіретіндерін шетелдің белді оқу орындарына түсіруге көмектессем деймін. Жақсы-жақсы азаматтардың өсіп шыққанын қалаймын”, — дейді “Алтын Қыран” компаниялар тобының директоры.

Айта кетейік, балабақшадан жыл сайын 200 бала түлеп шығады. Бүгінде балабақша тәрбиеленушілері 3 тілде дәріс тыңдайды. Жаңа технологиялы дамыту жабдықтарымен жұмыс істейді. Тәрбиешілері әрдайым біліктілігін жоғарылатып келеді. Бала тәрбиелеу әдістемелері ұдайы жетілдіріледі.

10 жылдық қарсаңында балабақшада “тұз шахтасы” пайда болды. Өз кезегінде, облыс әкімшілігі ұжымға 1 млн теңгенің сертификатын тарту етті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *