Украинадағы соғыста Ресей кемінде 40 559 адамынан айырылды, деп жазды BBC-дің Орыс қызметі және “Медиазона”. Бұл ашық дереккөздер арқылы аты-жөні анықталғандар. Соғыстан қаза болғандар кемінде 1,5-2 есе жоғары, дейді зерттеушілер.
Журналист-зерттеушілер соңғы рет екі апта бұрын статистиканы жариялаған. Содан бері қайтыс болғандар тізіміне 1175 адамның аты-жөні қосылған. Арасында подполковник және одан да жоғары шені бар 5 офицер бар.
Жылды қорытындылаған журналистер Ресей әскері үшін 2023 жыл (былтырға қарағанда) қанды жыл болғанын айтады. Былтыр осындай уақытта BBC-дің Орыс қызметі және “Медиазонаның” тізімінде 10 мыңнан астам адам болған. Қазір зерттеушілер 2022 жылғы тізімге тағы 5 мың адам кіргенін айтып отыр. Олар былтыр қаза болған.
“2023 жылдың соңында тізімдегі адамдардың саны 40,5 мыңнан асты. 2023 жылғы тізім кемінде үштен бір есе өсуі мүмкін – әсіресе соңғы қанды шайқастарды есепке алсақ, ол әбден мүмкін. Сондықтан Ресей әскері биыл соғыстың алғашқы жылына қарағанда көп шығынға ұшырады деп сеніммен айта аламыз” деп жазды “Медиазона”.
BBC-дің Орыс қызметі мен “Медиазона” Ресей Украинаға басып кіргелі бері қаза болғандарға есеп жүргізіп келеді. Олар тек ашық дереккөздерге ғана сүйеніп жатыр: ресми құжаттар, шенеуніктер ақпараты, БАҚ материалдары, марқұмдардың жақындарының жазғандары, зираттағы деректер. Журналистер бұл мәлімет толық емес екенін ескертеді. Тізімге аты-жөні мен көмілген орны анықталған азаматтар ғана енген.
- Ресей мен Украина соғыста қанша адамынан айырылғанын жасырады. Ресей қорғаныс министрлігі соңғы рет былтыр 21 қыркүйекте 5937 адамның опат болғанын айтқан. Биыл көктемде интернетте жарияланып кеткен Америка барлау қызметінің дерегінше, Украина әскері соғыста 15,5–17,5 мың адамынан айырылған. 109–113 мың адам жараланған.
фото: ТАСС/Андрей Рубцов
Be the first to comment on "Журналистер Ресей әскері Украинадағы соғыста кемінде 40,5 мың адамынан айырылғанын анықтады"