Медиа

Проблеманы ашық айтудың арты сотқа ұласа берсе демократияға қайшы — Асқар Ақтілеу

Танымал журналист Асқар Ақтілеу Қазақстанда «Жала жабу», «Қорлау» баптарын алға тартып, БАҚ өкілдері жиі қысымға ұшырайтынын айтты, деп хабарлайды Orda.kz. 

Ақтөбеде күні кеше «Жала жабу» бабымен сотқа шақырылған Tilshinews.kz сайтының редакторы Асқар Ақтілеу елде сөз бостандығына кедергі көп екенін атады.

«Мен журналистикада жиырма жылға жуық уақыттан бері жүрмін. Соның 15 жылында түрлі журналистік ұйымдармен құқық қорғау бағытында жұмыс істедім. Соның ішінде «Әділ сөз», MediaNet,  Internews секілді құқықтық медиа орталықтармен байланыстамын. Журналистердің құқығы бұзылған кезде мониторинг жасап отырамыз. Қазір бізде журналистер көп емес. Кейінгі толқын қосылып жатқан да жоқ. Егер проблемалар көтерілгенде ізімізден қудалап, уақытымызды, мазамызды алып, босқа дүрліктіретін болса, бұл салаға қызығушылық төмендейді. Онда қоғам дамымайды, билік ойына келгенін істейді» деді ол.

Журналистің айтуынша, жұмыстан шығып қалған Ырғыз гимназиясындағы кіші қызметкердің орнына қайтып келуіне қоғамдық резонанс әсер етті.  Және бұл жағдай басқаларға сабақ болуы керек екенін атады.

«Мен өзім үшін қуанып отырған жоқпын. Шын сөзім, журналистика үшін қуанып отырмын. Ырғыздағы жағдайда журналистік міндетімді атқардым. Саналы түрде жарияладым. Резонанс туындады. Биліктегі азаматтар араласты. Жұмыстан шығып қалған адам орнына келді. Ол жөнінде хабарланды. Қарсы тараптан соттың бірінші күнінен «журналистер қатыспасын, Instagram-ға жазбасын» деген цензура элементтері байқалды. Бізде заң бойынша цензураға тыйым салынады. Журналист кез келген формада ақпарат жинап, тарата алады. Бізде журналистерде мұндай проблема жиі кездеседі. Басқа аудандардан да хабарласады. Егер проблеманың арты сотқа ұласатын болса, сөз бостандығына үлкен кедергі. Әр материалға Нұрманова (Ырғыз гимназиясының директоры — ред.) сияқтылар арыз жазып, уақытымызды алатын болса демократияның дамуына қайшы. Бізде қазір құқықтық мемлекет деп айтамыз және сол үшін де президент Тоқаев осы «Жала жабу» бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік Кодекске ауыстырды. Заңда «декриминализация» деген  түсінік бар. Ол әлемдік тенденция. Кезінде Назарбаевтың өзі Нью-Йоркте америкалық журналистерге сұхбат бергенде Қазақстандағы «Жала жабу», «Қорлау» баптарын қылмыстықтан алып, басқа заңға көшіретінін айтты. Әзірге бір бап көшірілді. Бұл журналистік ұйымдардың,  журналистік қауымдасдастықтардың жеңісі. Дегенмен бізде бұл бап бойынша әлі де қысым бар» деді Асқар Ақтілеу.

суретке түсірген Жаңагүл Жүрсін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *