Алматы қаласының заң консультанттар палатасы мен «Рахым әлеуметтік үйі» қоғамдық қорының өкілдері Ақтөбеге гуманитарлық көмек әкелді. Заңгерлер тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша кеңес беруге дайын екендігін жеткізді.
«Біз ақтөбеліктерге осындай қиын кезеңде қолдау көрсету үшін келдік. Бос келмей, өздерімізбен бірге гуманитарлық көмек ала келдік. Сонымен қатар заңгерлеріміз су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарын қабылдап, заңгерлік кеңес беруге дайын. Қарызға қатысты мәселелер туындаса, біз сізге несиені өтеуге қатысты мәселелерді қалай шешуге болатынын айтамыз, мүмкін біреудің шоттары бұғатталған болса, оларды блоктан шығаруға көмектесеміз. Мүліктік залал қалай есептелетінін, мемлекеттен қаржылай көмек алу үшін қандай құжаттарды дайындау керектігін түсіндіреміз. Азаматтар өздерін қызықтыратын сұрақтар бойынша бізге хабарласуына болады», — дейді Алматы қаласы заң консультанттар палатасының төрайымы Гүлнар Бердібекова.
«Рахым әлеуметтік үйі» қоғамдық қорының Алматы қаласындағы өкілі Бибінұр Шералиева да су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктерге қолдау білдірді.
«Осындай қиын сәтте біз де сіздердің жандарыңыздан табылып, қол ұшын созып, қолдау білдіргіміз келеді. Ең бастысы, ақтөбеліктер тасқын судың салдарымен жалғыз күресіп жатқан жоқ. Біз сіздермен біргеміз және әрқашан қолдаймыз», – дейді Бибінұр Шералиева.