«Қазхром Дуатлон» шарасынан түскен 550 мың теңге бала еміне аударылды

Жыл сайынғы турнирдің ұйымдастырушылары – Ақтөбе облысының Триатлон федерациясы мен ERG Sport. Ақтөбе қалалық әкімдігі мен полиция департаментінің қолдауымен өткен шараның бас демеушісі – «Қазхром»ТҰК» АҚ.

Биыл қатысушыларға ақылы тіркелу ұсынылды. Бұл жаңашылдық спортшыларға да ұнаған секілді. Неге десеңіз, мультиспорттық шараларға ақылы түрде қатысу – халықаралық тәжірибе. «Қазхромда» жұмыс істейтіндер үшін жарнаның 90%-ын компания өтеді.

«Қазхром Дуатлон 2024» 200 қатысушыны жинап, оның 110-ы жеке біріншілікте және 90 адам «Эстафета.Team» командалық категориясында сынға түсті. Жарысқа Ақтөбе, Орал, Санкт-Петербург, тіпті Техас америкалық штатынан қатысып, қолдау білдірген спортшылар да болды. Қызыққа толы дуатлонға кәсіби триатлоншылармен қатар, әуесқой желаяқтар мен велосипед тізгіншілері, сондай-ақ түрлі ұйымдардың өкілдері, оның ішінде «Арлан» арнайы мақсаттағы жасағының өкілдері, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының металлургтері мен Дөң тау-кен байыту комбинатының кеншілері, компания кеңсесінің қызметкерлері қатысты. Қатысушылардың жас аралығы 16-дан 68 жасқа дейін болды.

– Қазхром Дуатлон – ерік-жігері мен мықты болмысы бар адамдардың жыл сайынғы бас қосуы. Бұл алға қойған мақсатына жетуге ұмтылатын, ауыр жұмыстарынан кейін қайта қалыпқа келетін, еңбектене білетін жандар үшін спорттың ерекше түрі. Осының барлығы спортшылар мен металлургтер арасындағы байланысты нығайта түседі. Бұл идеяның негізінде компаниямыз ақтөбеліктер үшін «Қазхром Дуатлонын» қолдау және құру туралы шешім қабылдады. Биыл тіпті басқа елдерден де қатысушылар бар. Турнирдің халықаралық деңгейде өтіп жатқанына қуаныштымын, – деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.

Ұзындығы 25 шақырымды құрайтын жарыс жолы үш кезеңге бөлінді. Алдымен жүгіру – 2,5 шақырым, веложарыс – 20 шақырым және қайтадан 2,5 шақырымға жүгіру. Қашықтықты ең бірінші болып ақтөбелік триатлоншы, өз жас санатына сай Ironman Kazakhstan чемпионы Алексей Вшивцев бағындырып, фиништік лентаны кесіп өтті.

Жеке біріншілік нәтижелері ерлер мен әйелдерге бөлінген бірнеше жас санаттары бойынша бағаланды. Барлық жеңімпаздарға медальдар, дипломдар, ақшалай сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.

– Бүгінде «Қазхром Дуатлон» шарасына көптеген өзгертулер, жақсартулар мен жаңа дүниелер енгізілді. Ұжымымыз алдыңғы кезекте қатысушыларға ең жақсы қызмет көрсету, ең жақсы эмоциялар сыйлау үшін барын салды. Бір күн бұрын нөсер астында спорт қалашығын құрған Ақтөбе ферроқорытпа зауыты еріктілерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Осы мерекенің өтуіне атсалысқан барша жандарға алғысымды білдіремін, – деді ERG саламатты өмір салты мен спорт бөлімінің басшысы Олжас Уразбаев.

Ақылы тіркелуден жиналған 550 мың теңге қаражат Түркия елінде қымбат ота жасауды қажет ететін кішкентай ақтөбелік баланың еміне аударылды.
Дуатлон видеосын осы жерден қарауға болады:

Be the first to comment on "«Қазхром Дуатлон» шарасынан түскен 550 мың теңге бала еміне аударылды"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*