Қазақстандағы алғашқы жерасты хром кенін өндіру орны – «Молодежная» шахтасы биыл 50 жылдық мерейтойын тойлап жатыр. Жарты ғасыр бойы еліміздің экономикасына зор үлес қосып келе жатқан бұл өндіріс ошағы талай шахтердің өмір мектебіне айналды. Шахтаның тарихы мен жетістіктеріне көз жүгіртейік.
«Молодежная» шахтасы – ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты алғашқы жерасты кен өндіру орны. Шахтаның құрылысы 1974 жылы басталып, 1981 жылы алғашқы кезегі іске қосылды. 1982 жылдан бастап жерасты әдісімен хром кенін өндіру жолға қойылды.
Шахта құрылысының басталуына сол кездегі кен орындарының жоғары бөліктеріндегі бай хром кені қорының азаюы себеп болды. Комбинат басшылығы кенді жерасты әдісімен өндіруді ұйғарып, «Қазақ КСР-нің 40 жылдығы» карьері мен «Клетті» оқпанының ұңғымасын қазу арқылы жаңа дәуірдің іргетасын қалады.
Шахта жобасы үш негізгі шоғырлану горизонтын қамтыды: Балтық теңізі деңгейінен минус 55, минус 135 және минус 215 метрлік горизонттар. Жер бетінен ең төмен жатқан өндірістік горизонт 615 метр тереңдікте орналасқан. Шахтаның жобалық қуаты жылына 2 миллион тонна хром кеніне есептелген.
«Молодежная» шахтасы біртіндеп дамыды. 1982-1983 жылдар аралығында алғашқы 140 мың тоннаға жуық хром кені өндірілді. 1985 жылы жаңа тазарту блогы іске қосылып, шахтаның өнімділігі жылына 266 мың тоннаға дейін артты. Ал 1987 жылдың 8 маусымында шахтерлер екі миллионыншы тонна кен өндіріп, жобалық қуатқа қол жеткізді.
Шахта тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – 1996 жылы ұсату-қайта өткізу кешенінің іске қосылуы. Бұл өндіріс көлемін 733 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді. 2000 жылы екінші шоғырлану горизонты іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемі 802 мың тоннаға дейін өсті.
«Молодежная» шахтасы өзінің технологиялық жетістіктерімен де танымал. Дөң тау-кен байыту комбинатының инженерлері ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, кеннің өздігінен құлау жүйесін енгізді. Бұл жүйе бұрғылау көлемін және жарылғыш материалдардың шығынын төрт есеге, металл тіректерді тұтынуды бір жарым есеге, электр энергиясын және сығылған ауаны 25 пайызға, ал өндірілген кеннің өзіндік құнын 15 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.
Шахта өзінің рекордтарымен де мақтана алады. 2004 жылы шахта кеншілері 1 миллион 802 мың тонна кен өндіріп, әлемдік рекордқа қол жеткізді. Ал 2008 жылы өндіріс ошағының қуаты 2,5 миллион тонна кенге жетті. 2016 жылы «Молодежная» шахтерлері жоспарды мерзімінен бұрын орындап, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын үздік нәтижемен қарсы алды.
50 жыл ішінде шахтаны 14 адам басқарды, ал 10-нан астам маман бас инженер қызметін атқарды. Бүгінде «Молодежная» шахтасында жеті өндірістік учаске мен төрт бөлімше жұмыс істейді. Шахта жұмысшылары осы уақытқа дейін 66 миллион тоннадан артық хром кенін өндірді. Қазіргі таңда кен ошағы игере қазудың соңғы кезеңінде тұр.
«Молодежная» шахтасының 50 жылдық тарихы – бұл тек бір өндіріс орнының ғана емес, бүкіл Қазақстан тау-кен өнеркәсібінің даму жолының айнасы. Жарты ғасыр бойы еліміздің экономикасына зор үлес қосып келе жатқан бұл шахта әлі де болашаққа көз тігіп, үздіксіз дамып келеді.