Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Масс-медиа туралы» жаңа заңға сәйкес шетел журналистеріне аккредитация берудің жаңа тәртібін әзірледі. Ережелер аккредитация беру және бермеу тәртібін қарастырады. Жоба ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды, деп хабарлайды Азаттық.
Оған сәйкес, шетел ақпарат құралының тілшісі аккредитация алу үшін сыртқы істер министрлігіне аккредитация туралы өтініш, құрылтайшылар құжаттары мен жарғыны, сонымен бірге шетел ақпарат құрылының тіркелгені және қайта тіркелгені жөнінде құжат және өзге де қағаздар тапсыруы керек.
Егер шетел тілшісі өткізген құжаттар дұрыс болмай шықса немесе ақпарат құралының жұмысын тоқтату туралы сот шешімі күшіне енген болса немесе ақпарат құралы шығарған өнім Қазақстан заңнамасына қайшы болса, өтініш қабылданбайды.
Шетел ақпарат құралы үш жылда бір рет аккредитациядан өтеді.
«Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қоры СІМ аккредитацияны қайтаруға негіз болатын 11 түрлі себеп жазылғанына назар аударып, олардың қатары көбейгеніне алаңдаушылық білдірген. Мұндай себептер арасында өтініш иесінің соңғы алты айда Қазақстан аумағында шетел тілшісі ретінде материал жарияламауы, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-20 баптарын сақтамау, Қазақстан заңнамасын бұзғаны үшін шетел ақпарат құрылының тілшісінің әкімшілік жазаға тартылуы сияқты жайттар бар.
«Құқықтық медиаорталық» заңгері Гүлмира Біржанованың айтуынша, ережеде шетел ақпарат құралдарында істейтін қазақстандық журналистердің жұмысына қатер төндіретін екі жаңа пункт бар. Біріншісі – жоғарыда айтылған Қазақстан заңнамасын бұзғаны үшін шетел ақпарат құралы тілшісінің әкімшілік жазаға тартылуы туралы пункт. Ереже бойынша, тілшінің әкімшілік жазаға тартылуы журналисті аккредитациядан айыруға негіз бола алады.
«Жалған ақпарат тарату» туралы Әкімшілік кодекстің әйгілі 456-2 бабын еске алайықшы. Осы бап бойынша жауапқа тартылған немесе жауапқа тартпақ болған журналистерді еске түсірейікші. Бұл тұста сұрақ туындайды: осы бап бойынша құқық қорғау органдарына қандай мекеме журналистердің үстінен арыз түсіреді? Заңнамалық тұрғыда ақылға қонымсыз екінші норма: шетел ақпарат құралы тілшісінің ресми түрде көрсеткен мақсатқа сәйкес әрекет етпеуі. Бірақ бұл жерде бір ғана комментарий айтуға болады — no comment» деп жазды Гүлмира Біржанова.
Ол журналистерді мәселені талқылауға шақырған. Құжатты талқылау мерзімі 3 қыркүйекте аяқталады.
Қазақстан СІМ бұл негіздер «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоғам мүддесін қорғауға және Қазақстан заңының сақталуына» септігін тигізеді деп санайды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 19 маусымда медиа сарапшылар мен журналистер сынаған «Масс-медиа туралы» заңға қол қойған. Заңда Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Қазақстан заңына сай, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеуден бас тартуға құқылы» деп көрсетілген бөлігі баспасөз құқығын қорғаушыларды алаңдатқан.
Бұған дейін бірқатар құқық қорғау ұйымдары билік бұл ережені үкіметті сынайтын шетел журналистері мен ақпарат құралдарының аккредитациясын тоқтату, қайтарып алу немесе оны беруден бас тарту құралы ретінде қолдана алады деп мәлімдеген. Ұйым Қазақстанның әріптестері Астананы жаңа заңды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге шақыруы керек деген еді.