Ресми: Әйгілі балуан Франк Чамизо Қазақстанға келе жатыр

27 қыркүйек күні Тараз қаласында еркін күрестен дәстүрлі Wrestling Stars халықаралық турнирі өтеді. Жыл сайын жанкүйер назарына тартысты белдесулер ұсынатын додаға биыл әйгілі балуан Франк Чамизо да қатысады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.

Wrestling Stars турнирі осымен үшінші рет өткелі отыр. Аталған дода еркін күрестегі беделді балуандардың басын қосып, күрес түрлерінің еліміздегі насихатын арттыруға бағытталған.

Алғаш рет балуандар бәсекесі Ақтөбеде ұйымдастырылса, кейін Астана қабылдады. Биыл дәстүрлі жарыс талай балуанның тұсауын кескен киелі Тараз қаласында ұйымдастырылмақ.

Wrestling Stars додасында еркін күрестен бірнеше салмақ бойынша балуандар чемпиондық белбеуге таласады. Әсіресе, еркін күрестегі ең беделді салмақтардың бірі саналатын 74 келідегі белдесулер аса тартысты болмақ. Себебі, бұл салмақта екі дүркін әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы, әлем кубогінің иегері және Рио Олимпиадасының жүлдегері, италиялық Франк Чамизо бақ сынайды. Жанкүйерлерге әлемдік күрестегі ең мықты балуандардың бірін көзбен көріп, күресін тамашалау үшін аталған жарыс үлкен мүмкіндік болмақ.

Сондай-ақ, Азия чемпионы Санжар Досжанов, Азия және Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының жүлдегері Ильяс Бекболатов (Өзбекстан), 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы Ұлықбек Жолдошбеков (Қырғызстан), ел чемпионы Мейіржан Әшіров сынды балуандар жарыс көрігін қыздырады.

Турнирді ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қатысатын атақты балуандар тізімі әлі толығады. Бейресми мәлімет бойынша, әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан да жарысқа қатысуы мүмкін. Сондай-ақ, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы Кайл Снайдермен де келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Жарысты ұйымдастырушылар қатарында Жамбыл облыстық спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров және Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасовтар бар.

Be the first to comment on "Ресми: Әйгілі балуан Франк Чамизо Қазақстанға келе жатыр"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*