Путин: Батыс елдерінің тікелей қатысуы Украинадағы қақтығыстың мәнін өзгертеді

Фото: Риа новости

Киевке Ресей аумағына алысқа жететін қарумен шабуыл жасауға рұқсат беру НАТО елдері мен Еуропа мемлекеттері Украинадағы қақтығысқа тікелей қатысты дегенді білдіреді деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин 12 қыркүйекте. Бұл туралы Азаттық хабарлайды. 

Путиннің сөзінше, НАТО елдері қазір жай ғана Киевтің Батыс қаруын қолдануы мүмкін екенін талқылап жатқан жоқ, олар қақтығысқа тікелей қатысу я қатыспау жайында шешім қабылдап жатыр. Ресей президенті “сайып келгенде, бұл жүйелерден зымыран ұшыруға тапсырманы тек НАТО елдерінің әскери өкілдері бере алады” деді.

Ресей президенті журналистерге жауабында “Батыс елдерінің Украинадағы қақтығысқа тікелей қатысуы оның мәнін өзгертеді” деді. “Ресей мұндай жағдайда туындаған қауіп-қатерлерге байланысты шешім қабылдауға мәжбүр болады”, – деді Путин.

Украина билігі Батыстан неғұрлым қуатты қару-жарақ алуға мүдделі, бірақ алыс нысанаға жететін қару қолдануға шектеу қойылған. Қазір Ресей армиясы Украинаның шығысында шабуылын жалғастырып жатыр.

11 қыркүйекте АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз өткізді. Онда Украинаға Ресей аумағындағы нысандарға шабуыл жасауға Батыс қаруын қолдануға қойылған шектеуді алып тастау мүмкіндігі жайлы мәселе де талқыланған.

Бұл мәселені АҚШ президенті Джо Байден мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер 13 қыркүйекте Вашингтонда кездескенде талқылайтыны “сөзсіз” деді Блинкен. Мемлекеттік хатшы бұл мәселеде алыс жердегі нысананы жоятын қаруды Ресей аумағындағы нысандарға қарсы қолдануға рұқсат берудің арты шиеленіске әкелуі мүмкін деген қауіп барын айтты. Оның сөзінше, бұл ескеру керек жалғыз фактор емес.

11 қыркүйек кешке The Guardian газеті Ұлыбритания үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, Лондон Украинаға Storm Shadow зымырандарын Ресей аумағындағы нысаналарға қолдануға рұқсат беру жөнінде шешім қабылдады деп жазды. The Guardian газеті Блинкеннің айтқандарын АҚШ тарапынан тиісті шешімдер қабылдау керегі жайлы ишара деді.

Газет мұндай шешім болмағанда, Лэмми мен Блинкеннің Киевке сапарлап баруы екіталай еді деп жазды. Алайда ол туралы әзірге жария түрде хабарламайды, 13 қыркүйекте Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Вашингтонға сапарлап барғанда да айтылмайды деп отыр. Газеттің жазуынша, “абайсыз я қажет емес” зымыран шабуылын болдырмау үшін бірнеше шектеу әзірге өзгермеуі мүмкін.

Украина билігі қарулы күштеріне Ресейге алысқа жететін қарумен шабуыл жасауға рұқсат беруді сұрап жатыр. Вашингтон да, Лондон да шектеуді алып тастау туралы ресми түрде айтқан жоқ, бірақ президент Байден мен Блинкен бұл мәселе талқыланып жатыр деді.

 

Біздің telegram-арнамызға жазылып, облыс, ел және алыс та жақын шет мемлекеттердегі жаңалықтардан хабардар болыңыз!

 

Be the first to comment on "Путин: Батыс елдерінің тікелей қатысуы Украинадағы қақтығыстың мәнін өзгертеді"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*