Company

Хромтауда он шақырымдық жүгіру фестивалі өтті

Кенді өлкеде бесінші мәрте ERG Run Fest жүгіру фестивалі өтті. Спорт сүйер қауым үшін ұйымдастырылатын бұл фестивальге биыл 800-ден аса адам қатысты. Ақтөбе облысында өткен жүгіру жарысына басқа да облыстар мен мемлекеттен келген желаяқтар жиналды. Биылғы жарыстың бір ерекшелігі ERG Run Fest 2024 фестивалі «Батыр жолы» деген ұранмен өтті.

Шынығу, шыңдалу шын мықтының қолынан келеді. Бұл жарыс жолына 800-ден аса адам қатысса, оның 420-сы ересектер, қалғаны бес жастан бастап аз қашықтыққа жүгіре алатын кішкентай балалар. Олардың арасында Астана, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Қандыағаш, Бадамша, Ресей елінің Санкт-Петербург, Орск, Оренбург қалаларынан келген қатысушылар болды. Старт қаладағы дене шынықтыру және спорт кешені алаңынан бастау алып, он шақырымды құрады.

Күзгі жүгіруде саламатты өмір салтын ұстанған кәсіпорынның қызметкерлері, оның ішінде «Қазхром» ТҰК» АҚ басқару аппараты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері табандылықтың үлгісін көрсетті. 5 жастан 65 жасқа дейінгі жарыс қатысушыларына жан-жақтан жиналған шараға спорт саласының мамандары, әуесқой желаяқтар, өткен жылы да арнайы келген зауыттың әуесқой триатлеті Қанат Құсайынов, пауэрлифтинг бойынша Еуропа чемпионы Валихан Тен сынды спортшылар болды.

Хромтау төрінде өткен фестивальді кішкентай балалардан бастап, әрі қарай ересектер 3,5,10 шақырым қашықтықтарға жүгірді. Жылдағы дәстүрді Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов отбасымен қолдап, 3 шақырымды айналып өтті.

– Бүгін біздің қаламызда көпшіліктің сүйікті дәстүріне айналған ERG Run Fest жүгіру фестивалі өтіп жатыр. Бұл іс-шара жыл сайын ауданымыз бен өңіріміздің спортты жақсы көретін азаматтарын бір арнаға тоғыстырып, саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылған жандардың санын арттыруға зор үлес қосып келеді, — деді аудан басшысы Нұрхан Тлеумұратов. – Күздің алғашқы суық күндеріне қарамастан, ересектермен қатар балалардың да белсене қатысып жатқанын көру біз үшін үлкен қуаныш. Жүгіру – жай ғана спорт емес, ол әр адамның төзімділігі мен қайсарлығын шыңдайтын тамаша мүмкіндік. Ал жеңіс – сол қажырлы еңбектің нәтижесі.

Расымен де, қыркүйек айы ERG Run Fest-пен есте қалады. Бұл шара физикалық төзімділікпен қатар, бірлік пен рухтың беріктігін көрсетеді. Қатысушылар арасында 29 жасқа дейінгі ерлер арасында Дөң тау-кен байыту комбинатының нұсқаушысы Александр Константинов мәреге 35 минут 32 секундта бірінші болып жетіп, жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Ал 63 жастағы Жарқынбай Шулниязов 43 минут 52 секундта жетіп, замандастары мен жастарды артта қалдырды.

– Хромтауда өтетін фестивальді тағатсыздана күттім. Қобдадан келіп тұрмын. Он шақырымға жазылып, өзім үшін жүгіруді жоспарлаған едім, — деді ERG Run Fest жеңімпазы Жарқынбай Шулниязов. – Бұрыннан спортпен айналысамын. Дайындық тұрақты. Өзіме қатты ұнаған тұс – ересектермен қатар, жас ұрпақтың ертемен келіп, қатысуға ниет білдіргендерін көрдім. Демалыс күндерін тиімді, пайдалы іске жұмсаса, жас ұрпақтың бағыты дұрыс деген сөз. Жарыс тамаша өтті. Ұйымдастырушыларға көп рақмет!

Фестиваль қатысушыларына отбасы мен туыстары қолдау білдіріп, бірге еріп келгендер көп. Мысалы, ақтөбелік Ахметовтар әулетінен әкесі, баласы, немересі қатысып, шақырымдарды кесіп өтті. Он шақырымға жүгірген әкесі мен ұлы жүлделі орындар алса, алты жасар Әлихан атасы мен әкесінен қалмай, өзінің алғашқы старттық пакетін алғанына қуанды.

– Достар! Сіздерді бүгінгі спорттық мерекеде көргеніме қуаныштымын!, — деп сөз алды Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Нұрлан Саринжипов. – Бұл тек қана жарыс емес, бүл күні қызықты кездесулер, кәсіби спорт түрінен шеберлік сағаттары өтетін пайдалы күн. Қазақстандық атлет Валихан Теннің кездесу кеші сөзімізге дәлел бола алады. Жыл сайын өтетін шараның қатысушылары артып келеді. Бұл ретте компания қызметкерлерінің спортқа бейімделуі көңіл қуантады. Баршаңызға тек сәттіліктер тілеймін!

Желаяқтар жүгіру жолына аттанғанда, алаңда қалған олардың отбасылары мен қала қонақтарына облыстық әншілер жанды дауыста ән шырқап, викториналық сұрақтар айдары ұйымдастырылып, белсенділер корпоративтік шағын сыйлықтармен бағаланды. Ал кішкентай көрермендерді аниматорлар ойын-сауық бағдарламаларымен қуантты.

Мәре сызығын бірінші болып кескендерге ақшалай және естелік сыйлықтар табысталды. Ал қатысушылар медальдар мен Run Fest футболкасына ие болды.

Арайлым Ғани
Суретке түсірген Жанболат Таниберген

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *