Хромтауда жаңа шахтаның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Көп ұзамай, ашылып та қалар. Ауқымды жұмыстың соңғы кезеңі жүріп жатқанда, мамандар жаңа өндіріс ошағының жұмысына дайындықтарын күшейтуде. Жақында ERG компаниясының өкілдері Қытай еліне іссапарға барып келді.
Делегация құрамында Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасының екінші кезегіндегі шахтаішілік көлік учаскесінің басшысы Ержан Туяков болды. Ол корпоративтік шаралардың бірінде басшылыққа өзекті сауал жолдап, белсенділік танытқан болатын. Басшылық жүйелі сұраққа лайықты жауап беруді көздеп, өз тобынан оза шапқан қызметкерді іссапарға ерте кетті.
Еуразиялықтар әуелі Үрімшіге ұшып, ол жақтан бірнеше жерге қонып, орын ауыстырған соң, Шангри-Ла елдімекеніне жетті. Бір сағаттық жолды артқа тастап, Пуланг мыс кенішіне келіп тоқтады. Кенішке келген әріптесімізді жүргізушісіз жүрген көліктер таңғалдырды. Ол жақта қауіпсіздік бірінші орынға қойылған және жүйе ең алдымен қызметкерлердің қауіпсіздігіне бағытталған. Бұл – кейіпкеріміз Ержан Туяковтың сөзі.
– Іссапардан күткенім ойымнан шықты, — деді Ержан. – Қытайлықтар, әрине, шахтадағы интеллектуалды технологиялар саласында көш бастап тұр. Біз барған компания технологиямен айналысады және істері табысты екенін байқадық. Кеніштің карьері мен штольнясына түстік. Ол жақта алып жерасты жабдықтарын жердің үстіндегі кеңседе отырған операторлар қашықтан басқарады. Ал шахтада тексеру, жөндеу жұмыстарын жүргізетін техникалық қызмет көрсететін персоналдар бар. Әрбір жүргізушінің өз көлемдері мен наряд-тапсырмалары бекітілген. Сонымен қатар тоқтап қалу уақыты жүйеде көрсетіледі. Мысалы, егер оператор ұйықтап кетсе, диспетчер оны бірден байқайды.
Келесі күні қазақстандықтар Divine кеңсесінде болып, ондағы цифрлық технологиялармен танысты. Кеңсеге кірген кезде экранда белгілі бір ақпараттарды көруге болады екен. Онда өндіріс процесі көрсетіледі.
Ержанның айтуынша, кеншітегі техника Хромтаудғы Дөң тау-кен байыту комбинатымен бірдей. Яғни тау-кен жабдықтары сала көшбасшыларынан. Бірақ қытайлық әріптестер оны автоматтандыру және цифрландыру тұрғысынан өзінше жетілдіріп жатыр. Операторлардың тәжірибелері кенеттен жүйе істен шыққан жағдайда шахтада рульге отыруға мүмкіндік береді.
– Әрине, қазір бірдеңені өзгерткің-ақ келеді, — деді Ержан Туяков. – Мысалы, менің учаскемдегі электровоздар Пулангтағыға қарағанда кішірек. Бізде де сондай болғанын қалаймын. Жоғарыда атап өткен жүргізушісіз жүйені ең алдымен электровоздарды басқаруда енгізсек қой.
Ең бастысы, алаңдататын сұрақтарды қоюды тоқтатпау керек.